Туберкулезбен ауырған балаларды емдейтін орталық 4 жылдан бері жабық тұр

Ертең - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

Туберкулезбен ауырған балаларды емдейтін орталық 4 жылдан бері жабық тұр

Былтыр елімізде туберкулезден 358 адам қайтыс болған. Көрсеткіш бір жылда небәрі 20 адамға ғана азайды. 2019 жылы 378 науқас құрт ауруының құрбаны болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Туберкулезбен ауырған  11,5 мыңдай адам тіркеуде тұр. Былтырдың өзінде 6694 тұрғын құрт дертіне шалдықса, олардың 516-сы кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Ал өткен жылды қортындылаған мамандар, қауіпті дертпен күресу жоғары деңгеде жүріп жатыр  деп санайды.  

«Туберкулездің бактерия бөлусіз түрімен ауратын науқастарды амбулаториялық емдеу кеңейтілді. 2020 жылы МСАК (медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелері) жағдайында бактерия бөлмейтін бастапқы амбулаториялық емдеумен қамту 73,2% құрады. Туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге бағытталған емделушілер сәтті жүргізілуде: бейне бақылау емі әдісімен 338 туберкулезбен ауыратын науқас емдеуді аяқтады (65,0%); жеке автокөлік бөліне отырып 7 мобильді топ ұйымдастырылып 2020 жылы 1117 адам ем алды», - деді Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте дәрігерлер. 

Соңғы 5 жыл ішінде сырқаттанушылық көрсеткіші 42,8%, туберкулезден болатын өлім-жітім 68,7%, туберкулездің таралуы 48,7%, балалар арасында сырқаттанушылық 55,7% -ке төмендеген көрінеді. Республика бойынша салыстырғанда Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында туберкулездің таралу көрсеткіштері жоғары. Балалардың арасында құрт дертіне шалдыққандар Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл, Атырау облыстарында жиілеген. 

«Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттану 2,3 есе азайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, туберкулездің таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 49,3-ті құрады. Өлім-жітім көрсеткіші 6 есеге төмендеп, 2020 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда  1,9  құрады. Туберкулезді ерте анықтау мен сәтті емдеудің маңызды аспектісі-халықтың туберкулез туралы жалпы хабардарлығы және жалған пікірлердің болмауы. Туберкулез-бұл ауа арқылы өтетін жұқпалы ауру және онымен кез-келген адам ауырып қала алады», -деді  Қазақстандағы туберкулез компоненті бойынша ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың менеджері Шахимурат Исмаилов. 

Ал Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының балалар бөлімі 4 жылдан бері жабық тұр. Бұл ғимарат туберкулезбен ауырған балаларды емдейтін республикадағы негізгі жалғыз орталық. 120 балаға арналған медициналық мекемеге 2017 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталғанмен, «Айқара» ЖШС жұмыстарды сол қалпы аяқтай алмаған. Оған ақшаға таласқан тұлғалар кедергі келтірген көрінеді. Тендер арқылы бөлінген 192 миллион теңге де толық жұмсалмаған.  

«Орталықта балалар мен жасөспірімдер бөлімшесі жұмыс істейді.  Ғимараттың күрделі жөндеу жұмысы екінші жарты жылдықта бітіп,  науқастарды қабылдайды деп жоспарлануда. «Айқар»а компаниясы бойынша  заңдық тұрғыдан құзырлы органдардың сараптамалары, соның арасында соттың шешімдері де бар», -деп қысқа қайырды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК директоры Мәлік Әденов.  

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.