Қазақстанда 2022 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізіледі
Ол мобильді қосымша ретінде жұмыс істейді
Елімізде «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізу мерзімі кейінге қалдырылды. Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қазақстандықтарға арналған цифрлық әмиян 2022 жылы іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Фискалдық саясаттың контрциклдылығын арттыру мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, 2022 жылдан бастап фискалдық тәртіпті және экономиканың сыртқы күйзелістерге бейімділігін арттыратын жаңа бюджет ережесін енгізуді қамтамасыз етеді.
«Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қаржы секторын дамытуға жәрдемдеседі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылдан бастап Ұлттық тауар өткізу жүйесімен одан әрі ықпалдастыра отырып, «әлеуметтік әмиянды» енгізу жоспарлануда», - деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
2020 жылғы 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды және азаматтардың «әлеуметтік әмиянын» енгізуді тапсырды.
Еңбек министрлігі «цифрлық әмиян» енгізілген соң, қазақстандықтарға банкке барудың, шот ашудың қажеті жоқ екенін айтты. Қаражат тікелей «әлеуметтік әмиянға» түседі. Ол мобильді қосымша ретінде жұмыс істейді, теңгерімді көруге, ақша операцияларын жүргізуге, банк шотын ашуға, ақша аударуға, картаны толықтыруға, тауарлар мен қызметтерді QR-код арқылы сатып алуға болады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан