ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Мәдениет және спорт вице-министрінің ұсталғаны рас па?

Министрліктің ресми өкілі оның еңбек демалысында екенін айтты

Фото ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт вице-министрінің жемқорлық қылмысына күдікті ретінде ұсталғаны туралы ақпарат YEDILOV ONLINE Telegram-каналында пайда болды. Онда шенеуніктің Нұр-Сұлтан – Дубай рейсінен түсірілгені айтылған.

Azattyq Ruhy тілшісі аталған жайтқа қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарласқан болатын. Антикордың ресми өкілі Нұрбек Нәбиев аталған жайтты растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.

«Аталған жаңалыққа қатысты қазір ешқандай мәлімет бере алмаймын. Сұрақтарыңызды жұма күні өтетін брифингте қоя аласыздар», - деді баспасөз хатшысы Нұрбек Нәбиев.

Ал, Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  вице-министр Сәкен Мұсайбеков еңбек демалысына кеткен. 

«Вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат жоқ. Сәкен Мұсайбеков 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында еңбек демалысына кеткен. Мемлекеттік қызметкерлер еңбек демалысы үшін алдын ала хат жазып, жоспарлы түрде демалысқа шығады», - дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетсек, Сәкен Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігінде қызмет етуді бастаған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан