$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2021, 13:11
Жаңалықтар

Токио олимпиадасы: Қазақстан қоржынында қанша жолдама бар, спортшылардың бабы мен дайындығы

ҰОК Токио олимпиадасына жолдама алып үлгерген спортшылардың тізімін берді

Токио олимпиадасы: Қазақстан қоржынында қанша жолдама бар, спортшылардың бабы мен дайындығы
Коллаж: Жанар Жақсылыққызы

Пандемияға байланысты 2020 жылдың тамызында өтуі тиіс Токио олимпиадасы кейінге қалдырылды. Жыл басында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах биыл Олимпиада ойындары жоспарланған уақытта өтетінін мәлімдеді.

Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ биыл дүбірлі додаға бейсбол, каратэ, серфинг, құзға өрмелеу және скейдбординг секілді жаңа спорт түрлері қосылды.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар Жазғы олимпиадаға 17 спорт түрінен 42 жолдамаға ие болған. Оның 10 шақтысы - әйелдер. Комитет бағын сынағалы жатқан әрбір спортшыға барлық жағдай жасылып, дайындықтары пысықталып жатқанын айтты.

100-ГЕ ЖУЫҚ СПОРТША ҚАТЫСАДЫ ДЕП ЖОСПАРЛАНҒАН

Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов пандемияға дейін Олимпиада ойындарына елімізден жүзге тарта спортшы барады деп жоспарланғанын айтады. Бірақ, әзірге коронавирус індетіне байланысты нақты қанша спортшы қатысатыны белгісіз.

«Әлемдегі коронавирус індетіне байланысты қалыптасқан қиын жағдайда, лицензиялық жарыстардың уақыты ауыстырылып, кейбір спорт түрлерінен олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын халықаралық турнирлердің өтетін уақыты мен орыны белгісіз болып тұр. Сондықтан Олимпиадаға қанша спортшы баратынын нақты айту қиын. Пандемияға дейінгі жоспар бойынша Жазғы олимпиада ойындарына жүзге тарта отандық спортшы қатысады деген болжам жасалған еді. Бүгінде ҚР ҰОК және ұлттық спорттық федерациялар олимпиадалық спорт түлері бойынша халықаралық спорттық федерацияларымен үнемі тығыз байланыста отыр», - дейді Елсияр Қанағатов рекдакцияға берген жауабында.

ҰОК Токио олимпиадасына қатысатын спортшылардың тізімін берді: 

Жеңіл атлетикадан 3 лицензия (Георгий Шейко, Ольга Рыпакова, Айман Ратова), тасжолдағы велосипед спорты 4 лицензия, жүзуден 2 (Дмитрий Баландин), ашық суда жүзуден 1 (Виталий Худяков), садақ атудан 4 (Мұсаев Санжар, Ганкин Денис, Абдуллин Ильфат), спорттық құзға өрмелеуден 1 (Ришат Хайбуллин) үйлесімді жүзуден 1 (Александра және Екатерина Немич) грек-рим күресінен 2 (Мейрамбек Айнағұлов, Асхат Ділмұхамедов), әйелдер күресінен 2 (Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова), еркін күрестен 4 (Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали), спорттық гимнастикадан 1 (Милад Карими), стенд атудан 1 (Рысбекова Сәрсенгүл), нысана көздеуден 1 (Юрков Юрий), қазіргі бессайыстан 2 (Потапенко Елена, Ильященко Павел), каратэ WKF-тан (Дархан Асаділов), бокстан (ерлер) 8 лицензия (Сәкен Бибосынов, Теміржан Серік, Сафиуллин Зәкір, Жүсіпов Абылайхан, Аманқұл Әбілхан, Нұрдәулетов Бекзат, Левит Василий, Қамшыбек Қоңқабаев), бокс (әйелдер) 1 лицензия (Рябец Надежда) ұтып алған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан командалық түрде садақ атудан Олимпиадаға 20 жылдан кейін оралды

Комитеттің хабарлауынша, Олимпиадаға қатысатын құрама командалардың жаттығу жұмыстарын қайта жандандыру үшін арнайы штаб құрылған. Қазір жаттығу Ұлттық комитет рұқсат еткен спорттық базаларда жүріп жатыр.

«2020 жылдың жазында елімізде карантин шаралары жеңілдетілген тұста, ҚР ҰОК бірінші кезекте барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиынын қайта жандандыру жұмыстарын қолға алды. Қауіпті індеттің таралауына жол бермеу үшін ҚР ҰОК ішінен «Карантин кезінде оқу-жаттығу жиындарын қайта жандандыру жөніндегі шұғыл әрекет штабы құрылды.

Штабтың басты мақсаты – шектеулі шаралар жағдайында ұлттық құрама командалардың дайындығын қамтамасыз ету. Осы орайда штаб бірнеше арнайы ережелерді қабылдады. Осындай жұмыстардың арқасында жазғы спорт түрлерінен ұлттық құрама командалар өткен жылы ел аумағында 270 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жаттығу жиындары тек ҚР ҰОК тарапынан аккредитациялаудан өткен спорттық базаларда ғана жүргізіліп жатыр», - дейді Елсияр Қанағатов.

Сондай-ақ Олимпиадаға қатысатын спортшылар ведомоства аралық комиссияның рұқсатымен шетелдегі жарыстар мен оқу-жаттығуларға да шығып жатыр.

«Ведомствааралық комиссияның шешімімен, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ішкі жарыстар ұйымдастырылды. Мәселен, күрес түрлері, бокс, су спорты түрлері және басқа спорт түрлерінен Қазақстанда чемпионаттар өткізілді. Қазір біздің спортшылар ВАК-тың рұқсатымен шетелдердегі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр», - дейді дирекция басшысы.

фотосурет: Елсияр Қанағатов

Халықаралық жарысатардың кейінге шегерілуі спортшылардың дайындығына әсерін тигізбей қоймады. Комитет өкілі мұндай жағдай бүкіл әлем спортшыларына бірдей әсер еткенін айтады. Ұлттық олимпиадалық комитет басшылығы дүбірлі жарыс алдында спортшылардың бабын қалпында сақтау үшін барынша тырысып жатқанын айтты.

«2020 жыл әлемдік спорт қауымдастығы үшін қиын болды. Әрине, пандемия спортшылардың дайындығына өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Бүгінде бүкіл әлем бойынша спортшылар бірдей жағдайда. Халықаралық жарыстардың өтпей қалуы немесе кейінге шегерілуі олардың дайындығына әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, ҚР ҰОК жаттықтырушылармен бірлесіп, қазіргі жағдайды ескере отырып, дайындық жоспарын құрды. Сол жоспарға сәйкес отандық спортшылар Жазғы олимпиада ойындарына әзірлігін жалғастырып жатыр. Комитет еліміздің Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, қазақстандық спортшылардың алаңсыз дайындықтары үшін барлық жағдай жасап отыр», - деді Елсияр Қанағатов

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары