Коронавирус белгілері 2 жыл сақталуы мүмкін

Коронавируспен ауырғандарды екі топқа бөлуге болады

Коронавирус белгілері 2 жыл сақталуы мүмкін
Фото: 24.kz

Коронавируспен ауырғандарды екі топқа бөлуге болады. Бұл онковид және постковидтік синдромдар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онковидтік синдром кезінде инфекция белгілері үш апта сақталады. Ал постковидтік синдромда аурудан айығып шықсаңыз да, оның симптомдары үш айға дейін кетпейді. Отандық дәрігерлер осындай тұжырымға келген.

Былтыр қарашада елордадағы ұлттық кардиохирургия орталығында алғашқы постковидтік синдром орталығы ашылды. Коронавируспен түрлі деңгейде ауырып шыққан 400 адам тексеруден өтті. Олардың бір бөлігінде герпес және цитомегаловирусы белсенді сақталған. Енді бірінің ағзасында Д және В12 дәрумендері жеткіліксіз болған. 190 науқаста мидың когнетивтік қызметі бұзылғаны байқалды. Бақылауда болған екі науқаста коронавирустан кейін қант диабеті анықталды.

«Өкінішке қарай коронавируспен ауырғандардың 20% жуығында ауру симптомдары сақталады. Бұл бағытта зерттеулер жүріп жатыр. Әзірге нақты ақпарат жоқ. Бірақ COVID-19-дың клиникалық белгілері үш айға дейін білінеді. Ал осы инфекцияның ауыр түрімен ауырғандарда екі жылға дейін сақталуы мүмкін. Індеттің кең тараған белгілері: құрғақ жөтел, ентікпе, әлсіздік, бас айналу. Кей адамдардың ұйқысы бұзылып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Дегенмен постковидтік симптомдарды емдеуге болады. Ол үшін арнайы орталықтар бар. Ауруханаға бара алмайтындар қашықтан дәрігерден кеңес ала алады», - деді кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры Сәуле Қасенова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.