Елбасы Нұртілеу Иманғалиұлының қазасына байланысты көңіл айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ардагер журналист 70 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырын қазақ телевизиясының өркендеуіне арнады. Ол қатардағы тілшіден Ұлттық арнаның басқарма төрағасына дейінгі жолдан өткен нағыз майталман маман болатын. Оның қоғамдағы көкейкесті мәселелерді арқау етіп, әлеуметтік астарын аша білген айшықты авторлық бағдарламалары ұмытылмай, ел есінде қалады. Шебер жүргізуші, сұңғыла сұхбатшы ретінде эфирдегі ерекше бейнесімен, өзіндік болмыс-бітімімен қалың көрерменді ұйыта білген талантты да танымал тұлға тәуелсіз еліміздің тележурналистикасын дамытуға зор үлес қосты.

Көпшіліктің көзайымына айналып, ықыласына бөленген абзал азаматтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп сенемін», - делінген жеделхатта.

Бүгін 70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. 

Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

Н.Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма бөрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.