Нұр-Сұлтанда 30 дәрігерлік амбулатория, көпсалалы емхана мен перзентхана салынады
Бұл жоспар алдағы 5 жылда жүзеге асады
Азаматтардың денсаулығына ерекше мән берілді, бұл - негізгі басымдықтың бірі. Бүгін «Nur Otan» партиясының елордалық мәслихаттағы фракциясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша Жол картасын талқылау жиналысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Депутаттардың айтуынша, 2020 жылғы қараша айында бекітілген Сайлауалды бағдарламаның негізі сайлаушылардың тілектері мен елорда тұрғындарын мазалайтын өзекті мәселелерден құралған.
«Біздің азаматтардың денсаулығына ерекше мән берілді - бұл негізгі басымдық. Алдағы бесжылдықта 30 дәрігерлік амбулатория, көпсалалы емхана мен перзентхана салынады.
Партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген маңызды міндеттің бірі – балаларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамыз ету. Осы мақсатта 50 жаңа мектеп салынады.
Нұр-Сұлтан өмір сүруге қолайлы қала болу тиіс. Осы орайда, 500 ауланың жөндеу жұмыстарын жасау және абаттандыру жоспарлануда», - деді жиналысқа қатысушылар.
Елорда тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселенің бірі – қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Жыл сайын 10 мың пәтер салу жоспарда бар екені айтылды.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы жоғарыдан төменге емес, керісінше Праймериз арқылы, «Есіктен есікке» акциясы арқылы қаламыздың тұрғындарынан тілектер мен, ұсыныстарына сүйене отырып жасадық. Партия қалалық бағдарламада ТОП-10 мәселені анықтады. Ендігі уақытта біз осы сайлауалды бағдарламамыздағы ТОП-10 мәселені шешу үшін 13 бағыттан, 107-ден астам тармақтар мен бөлімшелерден тұратын нақты істер Жол картасын іске асырамыз. Біз қалалық сайлауалды бағдарламамыздың толық іске асыруға, ондағы индикторларға қол жеткізуді мәслихаттағы фракциямыз арқылы қамтамасыз етеміз», - деді «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібек.