Былтыр меценаттар туған жеріне 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген

Автор: Azattyq Rýhy

Оған әлеуметтік маңызы бар 537 нысан салынып, 445 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілген

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Онлайн форматта өткен отырысқа қатысқан вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында 8 миллионнан астам адам қамтылған 30 000 іс-шара өткізілген. Бағдарламаны іске асырудың жаңа құнды тәсілдері мен тетіктері шаралардың аясын үш негізгі бағыт бойынша кеңейтуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда: «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы». Сонымен қатар арнайы 4 жаңа жоба енгізілді. Олар: «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет» және «Еңбек – елдің мұраты».

«Туған жер» арнайы жобасының аясында өткен жылы отандық меценаттар негізгі аймақтық инфрақұрылымдық объектілерді дамытуға 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, әлеуметтік маңызы бар 537 нысан салып, 445 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Жиында талқыланған мәселелер бойынша белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының меценаты Константин Поп, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесинова сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2021 жылға арналған Жол картасын сапалы әрі тиімді іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Мемлекеттік хатшы ұлттық комиссияның ұсыныстары мен ұсынымдарын қарастыруды тапсырды. Атап айтқанда, Қазақстанның толық академиялық тарихын жазу үшін «Халық тарихы» атты жобалық кеңсені ашу, «Кинодағы және теледидардағы тарих» атты арнайы жобаның тақырыптарын күшейту, «Киелі Қазақстан» арнайы жобасы аясында туризмді дамыту, отандық сайлаушылар банкін қалыптастыру. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін сапалы мәдени-ағартушылық және білім беру контентін қалыптастыру қажеттілігіне назар аударылды.