Нұр-Сұлтан әкімдігі қаладағы қарттарға 6 мың теңгеден таратады
Қарттар күніне орай қаладағы зейнеткерлерге бір реттік өтемақы төленеді
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 1 қазан - қарттар күніне орай қаладағы зейнеткерлерге бір реттік өтемақы төлейді. Бұл туралы қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына сілтеме жасай отырып, әкімдіктің «Елорда-ақпарат» ресурсы хабарлады.
«2019 жылдың 25 қыркүйегінен бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы Қарттар күніне орай, қарттарға 2,5 АЕК, яғни, 6313 көлеміндегі өтемақы төлеуді бастайды», - делінген Елорда-ақпарат ресурсының материалында.
6000 теңге шамасындағы бұл «сыйлықты» қаладағы зейнеткерлер, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ер азаматтар ала алады екен. Оның үстіне, зейнетақы алатын карта Альфа-Банк, АТФ Банк, «Центркредит» банкі, Еуразиялық банк, Жусан Банк (бұрынғы Цесна-банк – агенттік), Халық банк, Нұр-банк, Сбербанк, «Форте-банк» мекемелерінікі болуы шарт. Болмаса, өтемақыны Қазпошта желісі арқылы алуға болады. Зейнетақыны басқа банктен алатын қарттар өздерінің 20 сандық есепшоттарын басқармаға тапсыруы керек. Әйтпесе, өтемақыдан қағылады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан