ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Коронадағдарыс: ұлттық компания қызметкерлері сыйақы мен бонустардан қағылды ма?

«Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан Инжиниринг», ҚТЖ өкілдері жауап береді

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Жыл соңында үш айлық көлемінде сыйақы алып, «шала байып» қалатын ұлттық компания қызметкерлері коронадағдарыс кезінде де қомақты бонус алды ма? Бұл мәселеге байланысты Azattyq Rýhy тілшісі талдау жасады.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БАҚ-ТАҒЫ НАСИХАТ ҮШІН 70 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІП ОТЫР 

2020 жылы еліміздегі ең белді ұлттық компания «Қазмұнайгаздың» топ-менеджерлері әртүрлі бонус пен сыйақыдан бас тартып, тіпті, еңбекақысының қысқаруына ерікті түрде келісті. Мамыр айынан бастап топ-менеджерлердің жалақысы 30 пайызға, ал басшылық қызметтегілердің айлығы 20%-ға қысқарды. Басқарушы директор лауазымы бойынша 22 штат таратылды. Жыл соңына дейін корпоративтік орталықтың қызметкерлері бонустар мен сыйақылардан, қызметтік автокөліктен қағылды. Алайда, өндірістік қызметкерлер қысқарған жоқ, олардың жалақысы да өзгеріссіз қалды.

Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев компания алдағы 5 жылда 586 млрд теңге үнемдеуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Осы ретте операциялық және әкімшілік шығыстар 147 млрд теңгеге қысқартылды.

Дегенмен, пандемиядағы үнемдеу режиміне қарамастан, «Қазмұнайгаз» БАҚ-тағы насихат үшін 70 млн теңге бөліп отыр.

«Қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарлама және өткізілген оңтайландыру жұмыстары аясында 2020 жылмен салыстырғанда «Қазмұнайгаздың» ағымдағы шығындар бюджеті 2021 жылы 25%-ға қысқарды. Сонымен қатар, ҚМГ қызметі туралы ақпаратты БАҚ-та насихаттауға арналған бюджет 70 млн теңгені құрайды», - деді аппарат жетекшісі Д.Сағымбеков.

ҚТЖ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ СЫЙАҚЫ БЕРУ МӘСЛЕСІН ҚАРАСТЫРЫП ЖАТЫР

«Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы пандемия басталмай тұрып 2019 жылды 70,3 млрд теңге мөлшеріндегі теріс қаржылық нәтижемен аяқтады. Алайда, бұл бонустардан бас тартуға себеп болмаған.

Компания сайтындағы ашық есепте 2019 жылғы әкімшілік персоналдың орташа айлық еңбекақысы – 316 443 теңге, ал өндірістік персоналдың орташа айлық еңбекақысы – 175 411 теңге деп көрсетілген.

«ҚТЖ-ның өңірлік филиалдары мен еншілес ұйымдарының салалық жарыс принципі бойынша рейтингтік бағалау қорытындылары бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлерін көтермелеу практикасы жалғасуда. Мәселен, 2019 жылы ҚТЖ-ның желілік филиалдары мен еншілес ұйымдарының қызметкерлеріне жалпы сомасы 1,51 млрд теңге сыйақы төленді. Бұдан басқа, «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы желілік филиалдарының пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін бұзу оқиғаларына жол бермеген қызметкерлеріне 2019 жылы 7 млн теңге сомасына сыйақы төленді. Пойыздар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерді сапалы оқытқаны үшін өндірістік оқыту шеберлеріне жалпы сомасы 16 млн теңге сыйақы төленді. Сондай-ақ 2019 жылы ҚТЖ компаниялар тобының қызметкерлеріне кәсіптік мереке – Көлік қызметкерлері күніне және Тәуелсіздік күніне біржолғы сыйақы төленді», - делінген ашық есепте.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік персонал қызметкерлеріне ең төмен жалақы мөлшері көлемінде сыйақы төленді.

«2020 жыл қорытындысы бойынша басшы қызметкерлерге сыйақы беру мәселесін 2021 жылы ҚТЖ директорлар кеңесі қарастырады», - делінген ҚТЖ баспаөз қызметінің хабарламасында.

Яғни, ҚТЖ басшыларының қанша сыйақы алатыны белгісіз. Бір анығы, 2020 жылы ҚТЖ тобы бойынша персоналдың орташа айлық жалақысы 204 668 теңгені құрады.

«ҚТЖ директорлар кеңесі бекіткен шешім бойынша 2021 жылға негізгі (шоғырландырылған) қызмет бойынша бюджеттік шығыс 1 068 251 млн теңгені құрайды. Компаниялар тобының жұмысын ақпараттық қамтамасыз етуге бюджеттен қарастырылған шығыс 119 млн теңге мөлшерінде, бұл жалпы бюджет шығысының 0,01% құрап отыр», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» СЫЙАҚЫ МЕН БОНУСТАРДАН БАС ТАРТҚАН ЖОҚ

2020 жылы дивидендтерді 24%-ға артық төлеп, жылды оптимистік сценариймен қорытындылаған «Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлері мен басшылыққа сыйақы төлеуде аянып қалмады. Дегенмен, оның мөлшерін жасырын ұстауды жөн көреді.

«Бұл ақпарат құпия болғандықтан, түсініктеме бере алмаймыз. Дегенмен, Қоғамның («Қазатомөнеркәсіп» АҚ – авт.) еншілес және тәуелді ұйымдары қызметкерлерінің ең төменгі лауазымдық жалақысы тиісті кезеңге арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі жалақы мөлшерінен көп», - деді компания баспасөз қызметі.

Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы еншілес және тәуелді ұйымдары қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 320 828 теңгені құрады.

«ҚАЗАҚСТАН ИНЖИНИРИНГ» ЖАЛАҚЫСЫ – 650 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН

Ұлттық компаниялар тізбегі одан әрі жалғасады. «Қазақстан Инжиниринг» басшылығындағылар ҚМГ-дағы әріптестері сияқты сыйақыдан бас тартып, айлығын қысқартуға жол берген жоқ. Есесіне, 650 мың теңге жалақысына қосымша бонустар алып, жұмыс істеуге құлшыныстарын арттырды.

«2020 жылға сыйлықақы төлеу бойынша шығыстар – 139 376 мың теңгені құрады, оның ішінде: топ-менеджмент – 18 745 мың теңге, әкімшілік-басқару қызметшілері – 120 631 мың теңге, бұл ретте еңбекақы төлеу қорын үнемдеу 362 млн теңгені құрады», - дейді.

Тіпті, басқарма мүшелеріне бір жылғы жұмыс қорытындысы бойынша бонустар мен сыйақы төленбеген. Алайда, бекітілген штаттық кестеге сәйкес, компания қызметкерлерінің жалақысы 200 мыңнан 650 мың теңгеге дейін екені белгілі болды.

«Компанияның медиа-жарықтандыру, имидждік және коммуникациялық қызмет, сондай-ақ әлеуметтік желілерді жүргізу қызметкерлеріне арналған бюджеті 2020-2021 жылдары 6 млн теңгені құрады», - деді компанияның баспасөз қызметі.

Алайда, БАҚ-тағы насихат үшін бөлінген қаражаттың нақты көрсеткіші жөнінде ақпарат берген жоқ.

Сыйақы мен бонус мәселесі бойынша сауалымызды «Қазпошта» АҚ-ға да жолдаған едік, алайда компания сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан