Зейнетақы жинағының бір бөлігін беру бойынша тағы бірнеше банкпен келісімшарт жасалды
Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт банкпен өзара келісім жасасты
5 мен 31 қаңтар аралығында зейнетақы қорындағы қаражатын білу үшін БЖЗҚ-ға 1 млн 200 адам өтініш жіберген екен. Бұл туралы басқарма төрағасы Жанат Құрманов ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қорға келіп түскен өтініштердің 96 пайызы электронды түрде қаралса, жинақтаушылардың 4 пайызы БЖЗҚ бөлімшелеріне өздері келген. Бұл зейнетақы жинағының сомасын білуді көздеген азаматтардың саны әдеттегіден күрт артқандығын білдіреді.Сондай-ақ, БЖЗҚ операциялардың қарқынын арттыру мақсатында бірнеше банктермен келісімшарт жасасқаны белгілі болды.
«Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт банкпен өзара келісім жасасты. Олар «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ» - деді басқарма басшысы.
БЖЗҚ жалпы құны 212,6 млрд теңгені құрайтын 38 507 өтінімді мақұлдады
Қаңтар айында БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан барлығы 52 001 өтініш келіп түскен екен.
«Бүгінде қор жалпы құны 212,6 млрд теңгені құрайтын 38 507 өтінімді мақұлдады. Оның ішінде 49,2 млрд теңге бүгінде 8 мыңнан аса жинақтаушының Отбасы банктен ашқан арнайы шоттарына аударылды» - деді Жанат Құрманов.