Бас санитар дәрігер вакцина алғаннан кейінгі хал-жағдайын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру тәуекелі жоғары санаттағы адамдарды вакциналау басталды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Бас мемлекеттік санитар дәрігер – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Ерлан Қиясов Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 қалалық емханада коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырып, егуден кейінгі хал-жағдайын айтты.

«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Вакцина алатын адамды алдымен дәрігер тексереді. Анамнез алынып, дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Арнайы сауалнамаға жауап бергеннен кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек», - деді Ерлан Қиясов.

Сондай-ақ Бас санитар америкалық Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін екенін айтты.

«Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін. Компаниямен меморандум жасалды, алдын-ала келісімге келдік. Талқылау сатысында толығырақ мәселелер шешіледі», - деді ол.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырды.