«Kundelik.kz» жобасын жүргізетін компания ауысуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілісте депутаттар «Күнделік.кз» қосымшасы неге ақылы деген мәселе көтерді

Kundelik.kz сайтынан

Бүгін Мәжілісте педагог мәртебесі туралы заң жобасын талқылау барысында депутаттар «Күнделік.кз» қосымшасы неге ақылы деген мәселе көтерді. Төменгі палата төрағасының өзі бұл қосымша тегін бе, ақылы ма анықтай алмай, білім министріне сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ата-ана үшін «Kundelik.kz» қосымшасына қосылу тегін, ал ұялы телефоннан – ақылы. Ата-ана ғана емес, Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ұстаздар да бұл қосымшаның жұмысына қатты наразылық танытады.

«Электонды күнделікке келсек, бұдан әрине қаша алмаймыз, өйткені, заман талабы солай. Бірақ, менің бір сұрағым бар, Асхат Қанатұлы. Біз ұстаздармен кездескенде, күнделікке қатысты мәселе көтергенде ұстаздар қандай күйде болды, есіңізде ме? Наразы болды.

Жалпы, бағалаудың осындай формасы керек. Ата-ана  бағаны электронды түрде көріп отыруы керек. Ал, енді ұстазардың наразылығына келейік, олардың қолында жылдам интернет жоқ, техника жоқ. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін қанша қаражат сұрап отырсыздар?», - деді Нығматулин Білім министріне қарата айтқан сөзінде.          

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Асхат Аймағамбетов Үкіметтен 400 млрд теңге (бес жылға) және Дүниежүзілік банктен «займ» алғанын айтқан. Бұл қаражат Күнделік.кз жұмысын жақсартуға да қатысты екені белгілі болды.

Мәжіліс төрағасы Асхат Аймағамбетовке алдыңғы білім министрлерінің қатесін қайталамай, қаражатты дұрыс игеру керек дейді.

«Электронды күнделік енгізгенде ойлану керек еді, интернет база әзірлеп, мектептерді техникамен қамтып, ілкі жоба ретінде бір-екі аймаққа енгізіп, сондағы олқылықтарды көруге болатын еді ғой. Содан кейін барып бүкіл елге енгізу керек еді. Асхат Қанатұлы, алдыңғы министрлердің қатесін қайталамаңыз», - деген Нығматулин «бұл қосымша ата-ана үшін тегін бе, ақылы ма?» деген сұрақтың жауабын іздеді.

Білім министрі негізгі ақпарат тегін екенін, тереңірек мәлімет іздеген ата-ана үшін ақылы екенін айтса, нақты бағасын мәлім ете алмады.

«Ата-ана үшін жалпы ақпарат, бағалар, кері байланыс тегін. Егер аналитика аламын десе, басқа балалардың үлгерімін қарап (жеке деректері көрінбейді - авт), рейтинг, тоқсандық болжаммен танысамын десе, ата-ана Білім министрлігі мен қызмет көрсетуші компания арасындағы келісімге сай ақы төлейді. Ақылы және тегін қызметтердің үлесін пайызбен айту қиын», - деді Білім министрі.

Ал депутат Аманжан Жамалов Қазақстандағы «Kundelik.kz» жобасы ресейлік «Дневник.ру» компаниясымен тікелей байланысты екенін айтып, мүмкіндігінше бұл компаниямен байланыс жасауға керек деді.

«Ресейлік «Дневник.ру» жобасына Ресейдің өзінде наразылар көп. Бұл компанияның қызметтері ол жақта ақылы. «Дневник.ру» компаниясымен байланысуға болмайды немесе олармен жақсылап сөйлесу керек», - дейді Жамалов.

Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ведомство «Kundelik.kz» жекеменшік компаниясына талап хат жолдап, тегін қызметтер санын көбейтуді сұрап отыр.

«Платформасы ресейлік компания. Бірақ, бірнеше жыл бұрын Білім министрлігімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы келісім жасаған компания қазақстандық. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің бүкіл талабынан өткен», - дейді Аймағамбетов.

Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Білім министрлігіне компания өкілдерінің, ата-аналар мен ұстаздардың басын қосып, мәселені талқылауды тапсырды.

«Ұстаздар мен ата-ана олардың қолынан келмейтін мәселе бойынша шағым естіп, түсіндіруден шаршады. Егер экономикалық тұрғыда талаптарын өзгерте алмаса, басқа компания іздеңіздер, басқа компания көп қой», - деді Нығматулин.

Ал, Азаттық рухы тілші «Күнделік.кз» компаниясының бас директоры Мұхтар Ілиясовтен телефон арқылы тариф бағасын анықтады.

«Мобильді қосымшаның екі түрі бар: қарапайым және қызмет түрлері көбірек қосымша. Қарапайым қосымша тегін, ал, ақылы қосымша айына 300 теңге, жылына 2700 теңге. Қосылу-қосылмау ата-ананың өз еркі», - деді Мұхат Ілиясов.

Айта кетейік, тегін қосымшада ұстаздың ескертулері мен ұсыныстары, балалардың оқу үлгеріміндегі рейтингісі, тоқсанның болжамдық бағасы қолжетімсіз.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан