Колледж ұстаздарының жалақысы 30-50% өседі
Қазақстандағы колледж ұстаздары еңбекақысы екі есе көтерілетін педагогтар категориясына кіріп отыр
Бұл өзгеріс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған.
«Колледж мұғалімдерінің категориясына үстемақы төлеу мәселесін колледж ұстаздары он жылдан бері көтеріп келеді. Және де директорлары мен олардың орынбасарларының да жалақысы төмен. Олар өздерінің біліктілігіне сәйкес, қазір үстемақы алып отырған жоқ. Сондықтан, заң жобасының шеңберінде осы мәселені қарастырып отырмыз. Біріншіден, осы әріптестеріміз еңбекақысы екі есе көтерілетін тұлғалар ішіне кіріп отыр, екіншіден, олар өздерінің категориясына сәйкес, тиісті үстемақы, 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы алады», - деді бүгін Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын таныстырған Білім министрі.
Аймағамбетов мұғалімдерді осы және өзге де материалдық ынталандыру жолдары қаржымен толық қамтамасыз етілгенін айтты.
«Бес жылға осы нормаларды жүзеге асыру үшін 5,3 трлн теңге беріледі. Депутаттар бұл мәселені өздері көтеріп, қолдап, «Бюджет туралы» заңда қарастырған болатын»,- деді Аймағамбетов.
Білім министрі осы заң жобасы «мұғалім мәртебесін арттыру мәселесін ғана шешпей, білім саласының сапасын көтереді» деген сенімін жеткізді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан