Қазақстандық мамандар ишемиялық инсульттан емдеуге алғаш рет жасанды интеллект қолданды

Автор: Azattyq Rýhy

Операция жасалған науқас екі аяғын нық басқан

ТМД елдерінің аумағында тұңғыш рет Алматы қалалық N7 клиникалық ауруханасында жасанды интеллект көмегімен инсультты ерте сатыда анықтаудың бағдарламасы енгізілді. Бұл анықтау жүйесі «Cerebra» жасанды интеллект негізінде жүзеге асатын болады. Алдымен пациент КТ-тексеруден өтеді, оның түсірілімін инновациялық софт жүйесі сканерлейді.

Аурухана нейрохирургтері «Cerebra» инновациялық бағдарламасымен алғашқы операцияны жасаған. Қалалық N7 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, профессор Манас Рамазанов алматылық жас ІТ-мамандардың жасап шығарған жаңа жобасын алғаш болып пайдаланғанын айтты. Дәрігер жүйенің сынақ түрінде қолданылғанын, алайда өзінің тиімділігін көрсеткенін және жасанды интеллект көмегі тиген алғашқы пациент те бар екенін мәлімдеді.

«Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері ишемиялық инсульт алған пациентке жасанды интеллект көмегімен бірінші операция жасады. Пациент аталған аурухананың қабылдау бөліміне сол жақ денесі мүлдем қимылсыз, бетінде ассиметриямен, және құлағы еш естімейтін жағдайда түскен еді. Тез арада компьютерлік томография жасалып, «Cerebra» жүйесінде өңделді. Шұғыл түрде бас миының оң жақ ортаңғы артериясына механикалық тромбоэкстракция жасалды. Операциядан кейін пациент есін жиып, екі аяғын тең басатын деңгейге жетті, тек қолында әлсіздік бар. Пациент енді оңалту ем-шарасын қабылдамақ», - дейді бас дәрігер.

Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Қастей инсульт кезінде мидағы қан айналымын, ағза жұмысын қалпына келтіру бастапқы «алтын уақыт» саналатын 4-5 сағатта ғана мүмкін екенін айтады. Автоматтандырылған платформа инсульттың бар-жоғын 5-10 минутта анықтап береді және тез арада бас миының қан тамырларындағы өзгерісті көрсетеді екен.

«Бұл клиникалық-диагностикалық бағдарлама инсультты ерте деңгейде анықтап, бірден ишемияға ұшыраған аймақты білуге, уақытында емдеуді бастауға, операция жасауға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Ол тромболитикалық терапия және инсультпен түскен пациентке қажетті анықтау мен емдеу шараларын атқаруға мүмкіндік береді», - дейді бөлім меңгерушісі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Алматы қалалық N7 клиникалық ауруханасына барып, аталған бағдарламамен танысқан. Министр медицина саласында мұндай жобалардың маңыздылығын және жасанды интеллект негізінде оны ары қарай дамытуға қолдау білдіретінін айтқан. Алдағы уақытта «Cerebra» жобасы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында және елдің басқа да ірі клиникаларында енгізілетін болады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы