ШұғылӨткен тәулікте елімізде 753 адамнан коронавирус анықталды

«ЖОО үздік оқытушысы-2020» байқауының жеңімпаздары анықталды

Конкурсқа республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты

 

©pixabay.com

Қазақстанда «ЖОО үздік оқытушысы – 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды. Еліміздің 48 жоғары оқу орнынан 150 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңімпаздар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.

Конкурсқа республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты. Оқытушылардың қызметі үміткерлердің жұмысын бағалаудың өзекті сапалық және сандық 2 блоктан тұратын көрсеткіштері бойынша бағаланды: I блок – оқыту сапасы, II блок – ғылыми-зерттеу қызметі.

Биыл алғаш рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020» конкурсына қатысуға өтінімдер беру, құжаттарды тексеру рәсімі, сондай-ақ апелляция онлайн режимде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілді. Конкурстың әрбір кезеңінде үміткерлердің жинаған балдары автоматты түрде ақпараттық жүйеде жарияланып, конкурс үміткерлері өз нәтижелерін онлайн режимде бақылай алды.

«Сондай-ақ үміткерлер үшін сарапшылардың қойған бағаларымен келіспеген жағдайда апелляцияға беру мүмкіндігі болды. Апелляцияға барлығы 280 адам өтініш беріп, 73 үміткердің көрсеткіштері қанағаттандырылды», - делінген хабарламада.

Республикалық кезеңде үміткерлердің жұмыстарын тексеру мақсатында Республикалық сараптау комиссиясы құрылып, оның құрамына ҚР БҒМ «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобалық кеңсесінің қызметкерлері, ғалымдар мен оқытушылар, сондай-ақ өткен жылдардағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері кірді.

Ұсынылған құжаттарды сапалы және адал тексеру мақсатында кандидаттардың материалдары сараптама тобының мүшелері арасында кездейсоқ бөлінді.