Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды «Ел Үміті» бастамасына қатысуға шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Елбасы Қазақстанның талантты жастарымен және Тұңғыш Президент Қоры Сыйлығының лауреаттарымен кездесті

Фото: elbasy.kz

Кездесу барысында жас көшбасшылар Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің жетістіктері мен түрлі салалардағы жаңалықтары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Елбасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Адами капиталды дамытудың маңыздылығын айта келе, Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық дамудың заманауи қатерлері мен әлемдік трендтеріне тоқталды.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жастарға одан әрі өсуге тең жағдай жасау үшін қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты.

«Жастар жылы аясында талантты және қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Ел Yмiтi» бастамасын ұсындым. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент қоры қолға алып, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Қазір Қор ауқымды трансформация кезеңін өткеруде. Қор білім беру, әлеуметтік даму және жастар бастамаларын жан-жақты қолдау құрылымына айналады», - деді Елбасы.

Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Ел Yмiтi» бастамасы аясында алдағы атқарылатын жұмыстардың маңызды бағыттарына тоқталды.

«Біз студенттердің қабілеттері мен кәсіби бағдарын анықтайтын кешенді жүйе құрамыз. 2020 жылы барлық өңірлерде оқушылардың қабілеттері мен кәсіптік бағдарын ерте анықтайтын арнайы орталықтар ашылады. Онда дарынды балалардың қабілетін диагностикалаудың үздік әлемдік тәжірибеге негізделген заманауи әдістері қолданылатын болады», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы жақын арада елордада үздік білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін болашақ мамандықтардың орталығы мен арнайы ақпараттық алаң құрылатынын айтты.

Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев ауыл мектептерін қолдау бойынша жоспарланған шараларға тоқталды. Мәселен, Тұңғыш Президент Қоры бағдарламасы аясында «Мың бала» олимпиадасы ұйымдастырылады.  Нәтижесінде ауыл мектептеріндегі 1000 үздік оқушы талантты балаларға арналған «Дарын»  мектептерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, арнаулы бағдарлама бойынша ауыл мектептерінің модернизациясы жүргізілетін болады. 2020 жылы бірінші кезеңде 14 мектеп таңдалады.

«Бағдарлама аясында осы мектептердің педагогтары республикалық интеллектуалдық мектептер мен жетекші халықаралық университеттерде оқытудың заманауи әдістерін меңгереді», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы жас көшбасшылар тобын құру процесіне де ерекше назар аударды.

«Біз көшбасшылық қасиеттерді дамыту, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді күшейту үшін арнайы жобаны қолға алдық. Жастарды өзін-өзі дамытуға және жетістікке жетелейтін мұндай бағдарламалар әлемде өте танымал. Жаңа бағдарламада 7 бағыт қамтылады: физикалық даму, тұлғалық қасиеттерді дамыту, кітап оқу, еріктілердің қызметіне атсалысу, экспедициялар мен сапарларға қатысу, ұлттық мұраны сақтау және тәжірибе жинау», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті экономиканың түрлі салаларында мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

«Басты талап – үздік білім мен әлемдік жетекші компанияларда жиған тәжірибе ғана емес, сондай-ақ, топта жұмыс істеу, күрделі міндеттерге жауапкершілікпен қарау және жұмысты соңына дейін жеткізу шеберлігі. Бағдарлама бойынша іріктеуден өткен әр маман өзгерістерді басқару менеджері деңгейіне дейін оқытылады», - деді Елбасы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды «Ел Үміті» бастамасын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

«Бұл бастамаға бүкіл қоғам, әсіресе, аға буын бір кісідей атсалысса, нәтижелі болатынына сенімдімін. Ұстаздар қауымы мен шығармашылық интеллигенцияны осы жобаларды қолдауға шақырамын», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.