Цифрлық жүйеге қосылмаған алматылықтар телеарнасыз қалуы мүмкін
Алматыда аналогтық жүйе арқылы хабар тарату тоқтатылады
1 ақпаннан бастап Алматыда аналогтық жүйе арқылы хабар тарату тоқтатылады. Ал цифрлық жүйеге қосылмаған алматылықтар телеарнасыз қалуы мүмкін. Осы орайда мамандар қала тұрғындарына жаңа форматқа дайын болуға кеңес береді, деп хабарлады Almaty.tv.
Биыл республиканың бүкіл аумағы цифрлық форматқа көшеді. Бүгінде жоспарланған 827 радиотелевизиялық стансаның 546-сы салынып біткен. Нәтижесінде халықтың 91 пайызы цифрлық хабар таратумен қамтылды. Ендігі кезек Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына жетіп отыр.
«Аналогтық желі өшірілетіні жөнінде барынша хабардар болуы тиіс. Оның ішінде цифрлық-эфирлік хабар тарату желісіне барынша көшуге асығу керек. Өйткені бірінші ақпаннан бастап аналогтық желіде телеарналарды көріп отырған тұрғындар телеарналарсыз қалады», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.
Цифрлық форматта теледидар тамашалау үшін ескі аналогтық жабдықтар жарамсыз. Ол үшін жаңа қабылдағыш пен антенна сатып алу керек. Ал, телеарналар үшін кабельдік операторға ақша төлемейсіз.
«Қазіргі уақытта аналогтық телевизия көріп отқан абоненттер болса, оларға цифрлық-эфирлік телевизияға көшуге кеңес беремін. Ол үшін цифрлық қабылдағышты сатып алу керек. Ол қазір нарықта шамамен 4 мың теңгедей тұрады және де антенна сатып алу керек болады. Құны мың жарым теңгеден басталады», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қайсар Раздықов.
Аналогтық желі сигнал тарату барысында көп кедергілерге ұшырайды дейді мамандар. Ал цифрлық қабылдағыш бір жиілікте 15 телеарнаға дейін хабар тарата алады. Сондай-ақ, заманауи желінің арқасында сапалы телевизиялық контент шалғайдағы қазақстандықтарға да қолжетімді болып отыр. Осы орайда қала тұрғындары да цифрға көшуді қолдап отыр.
Ал республика бойынша цифрлық жүйе арқылы хабар тарату кезең-кезеңімен 2012 жылдан бастап жүзеге асып келе жатыр. Осы уақытқа дейін Маңғыстау, Қостанай, Түркістан, Павлодар Жамбыл және Алматы облыстарында аналогтық жүйе өшірілген.