Істі болған экс-адмирал Жанұзақов таксилетіп жан бағып жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 30 миллион теңге айыппұлды осылай төлемек

Жандарбек Жанұзақов, фото: ашық дереккһзден

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Нұр-Сұлтанда такси қызметімен күнелтіп жүр. Жандарбек Жанұзақов қызметін асыра пайдаланғаны үшін салынған 30 миллион теңге айыппұлды осылай төлемекші. Экс-адмирал 5 жылға бас бостандығы шектеліп, барлық атақ-даңқынан айырылған болатын.

«Соңғы кезде индрайвермен тасып жүрмін. Міне, қараңыз, ешбір терістігі жоқ», - дейді экс-адмирал КТК арнасына берген сұхбатында.

30 жылдан астам уақыт өмірін әскери міндетке арнаған ол енді әр жолаушының қас-қабағына қарауды үйренді. Адмирал бұл қызметті де арсынбайды.

Теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысына қатысты былтыр қызметін асыра пайдаланып қазына қаржысына қол сұқты деген айыппен алты жылға абақтыға қамау үкімі шыққан. Күзде іс қайта қаралып, жазасы біршама жеңілдетілді. Жанұзақов өзіне тағылған айыппен келіскен емес.

«Жолаушыларыммен әңгіме-дүкен құрғаннан кетәрі емеспін. Әңгімелескенде бұрынғы әскери мансабым жайлы да жасырмаймын. Көбі вице-адмирал екенімді естіп, көлігіме қарап және такси қызметімен күнелтіп жүргеніме аң-таң болады. Не деймін оларға, отбасымды асыраудың басқа амалы болмаған соң, осы шаруаға иек артып отырмын. Әрине, мына жағдайыма өкпелеп қалатыным бар. Неге десеңіз нақақтан-нақақ күйіп кеттім», - дейді Жандарбек Жанұзақов.