Ветеринарлық тексеріс ескертусіз жүргізілетін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл осы жылдың 28 қазанында Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес жүзеге асырылады 

Фото: ашық дереккөзден

Кеден органдары мен өңірлік әкімдіктер ветеринарлық-санитарлық бақылау-қадағалау функцияларының бір бөлігін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына қайтарады. Бұдан былай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау инспекторлары шаруашылық субъектілерін кенеттен тексеру жұмыстарын жүргізе алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі АШМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл өзгерістер 2019 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қоғаммен байланыс басқармасы «Ветеринарлық-санитарлық бақылауға» қатысты енгізілген заңнамалық өзгерістерге түсініктеме берді.

Қабылданған заң аясында ветеринария саласындағы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.

Атап айтар болсақ, нарықта ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің айналымына жол бермеу мақсатында тауарларды алып келу және өткізу кезінде шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық бақылауды күшейту және ветеринария саласындағы барлық бақылау-қадағалау функцияларын ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына шоғырландыру мақсатында:

- Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік кірістер органдарынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау функцияларын қайтару (қалған пункттердегі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау функцияларын ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады);

- Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау функцияларын жергілікті атқарушы органдардан қайтару көзделген. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар құзіретінде ветеринария саласындағы жүзеге асыру міндеттері қалады (ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және т.б.);

- Белгіленген қолайлы аймақтар арасында, шекара маңындағы аумақта, еркін экономикалық аймақтарда тауарлардың өткізілуін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ, облыстардағы жергілікті атқарушы органдарының ветеринариялық қызметінің құрылымы төмендегідей өзгертіледі:

- Ветеринария саласындағы міндеттемелер облыстық деңгейде шоғырландыру;

- Облыстық маңызы бар қалалардың, ветеринариялық пункттері бар аудандардың мемлекеттік ветеринариялық ұйымдары облысқа тікелей қарайтын болады.

Уәкілетті органдар ветеринария саласындағы нысаналы индикаторларды бекіту және ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерінің қызметіне бағалау жүргізеді.

Сонымен қатар, ветеринария жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында келесі жұмыстар қарастырылған:

- жануарлардың аса қауіпті аурулары алғаш рет немесе жаңадан анықталған жағдайда ветеринариялық шараларды қабылдаудың ерекше тәртібі - республикадағы ветеринариялық жағдайдың өзгеруіне уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді (ҚР аумағында алғаш рет немесе жаңадан анықталған жануарлардың аса қауіпті, экзотикалық ауруларын оқшаулау және (немесе) жою үшін арналған - тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алу мүмкіндігі, ветеринариялық препараттарды уақытша тіркеу);

- тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бюджет қаражаты есебінен артық шығындарды мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің иелері өтініш жасаған жағдайда өз қаражаты есебінен жүзеге асыра алу мүмкіндігі;

- Компартментті, өңірлендіруді белгілеу (ветеринария саласындағы уәкілетті органға өңірлендіру тәртібін бекіту, компартментке бөлу және оларды белгілеу туралы шешім қабылдауды беру);

- Жануарлар ауруларының пайда болу және таралу себептерін жедел анықтау үшін тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар ету бойынша талаптар алынып тасталды (жедел, кенеттен принципі), тексеруді тіркеу жұмыс басталғаннан кейін жүзеге асырылады.

«Ветеринарлық-санитарлық бақылауға» қатысты енгізілген өзге заңнамалық өзгерістер - қолданыстағы заңдар мен кодекстердің Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келтіруге және ветеринария саласындағы құқықтық реттеудегі олқылықтарды, қайшылықтарды жоюға бағытталған редакциялық-нақтылайтын сипатқа ие.

Жалпы ветеринария саласындағы түзетулер Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді, - делінген хабарламада.