Шымкентте мектеп директоры 8 жылға сотталды
Айыпталушы сот үкімімен келіспейтінін айтты

Шымкент қаласында пара алды деп айыпталған бұрынғы мектеп директоры 8 жылға сотталды. Келтірілген деректерге қарағанда, педагог жемқорлыққа барған, мемлекеттің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салып, алаяқтық жасаған. Бұл туралы AstanaTV хабарлайды.
Сот отырысына айыпталушыдан бөлек, басқа да мектеп директорларына шақырылған.
«Мектеп директоры бола тұра, қол астындағы мұғалімдердің қосымша айлығын өзіне иемденген. Яғни, басқа мұғалім кезекті еңбек демалысына кеткенде немесе түрлі жағдайға байланысты болмаған жағдайда оның міндеті басқа қызметкерге жүктеледі. Соның арасындағы айлық айырмашылығын иемденген», - дейді Еңбекші аудандық сотының судьясы Аинель Орақбаева.
Еске сала кетейік, мектеп директоры 2020 жылдың жазында пара алу үстінде ұсталды. Ол, карантин уақытында мұғалімді орнында қалдыру үшін 135 мың теңге ақша бопсалаған.
Істі болған мектеп директорының қылмысы дәлелденіп, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы басшы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Айыбын мойындамаған бұрынғы мектеп директоры сот үкімімен келіспейтінін айтқан.