Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Партияның қалалық филиалында 59 мың мүшесі тіркелген

Партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бюро мүшелеріне Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиевті таныстырды.

33 жастағы Мейіржан Отыншиев 2019 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары болған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Қарағанды экономикалық университетінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының түлегі.

Бюро мүшелері ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдап, партиялық жобалар мен бастамалардың нақтылы орындалуын еске салды. Сондай-ақ партияның Алматы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасындағы орындалуы тиіс міндеттердің бірі - үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен сындарлы диалогты одан әрі жалғастыру екені атап өтілді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихаттың хатшысы болып сайланған Станислав Канкуровқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, бүгінгі күні Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында 59 мың партия мүшесі бар, олар мегаполистің сегіз ауданындағы 672 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген.