Допинг дауына ілінген Олимпиада чемпионы мәлімдеме жасады
IWF Олимпиада чемпионының жарыстан уақытша шеттетілгенін хабарлады

Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы - қазақстандық спортшы Нижат Рахимов допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады.
Бұған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Олимпиада чемпионының жарыстан уақытша шеттетілгенін хабарлаған.
«Достар, кеше маған айып тағылып жатқаны туралы естідім. Мұндай жаңалық кезекті стартқа дайындық жүргізіп жатқан әрбір атлет үшін күтпеген жағдай. Тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданды деп айыптап жатқан жоқ. Мен кез келген кәсіби спортшы сияқты маусым бойы допингке бірнеше рет тест тапсырамын, несеп талдауымда не болғаны белгісіз, ол тестілеу органдарының жауапкершілігі.
Енді мен Халықаралық тестинг агенттігіне түсініктеме беруім керек, онда мен жоғарыда жазғанымның бәрін айтамын», - деп жазды ол.
Спортшы қашанда спортта әділдік болғанын қалайтынын айтып, жанкүйерлерінен осындай жағдайда қолдау көрсетіп, сенім білдіруін сұрады.
Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің (ІТА) шешіміне сәйкес, Рахимов 2016 жылы допинг тексеру үшін тапсырған несеп талдауын ауыстырды деген күдікке ілінді. Сол жылы ол Рио-де-Жанейродағы Олимпиада чемпионы болған.