$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2021, 11:38
Жаңалықтар

Қазақстанның 25 азаматы Оңтүстік Корея түрмелерінде жазасын өтеп жатыр

Ал біздің елде оңтүстік кореялық 1 азамат темір торға қамалған

Қазақстанның 25 азаматы Оңтүстік Корея түрмелерінде жазасын өтеп жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның 25 азаматы Оңтүстік Корея түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Мәжілісте Қазақстан және Оңтүстік Корея республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шартты таныстырған бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда Оңтүстік Кореяның бір ғана азаматы жазасын өтеп жатыр.

«Шартты ратификациялағанан кейін біздің елшілік бұл мәселе жөнінде нақты жұмыс істейді. Яғни, сотталған қазақстандықтарға барады, оларға Отанына оралу мүмкіндігі бар екенін түсіндіреді. Біріншіден, ол Қазақстанның азаматы болуы тиіс, екіншіден, азаматтың елге оралуына келісімі болуы шарт. Қазір бізде осы 25 адамды қайтаруға барлық заңды негіз бар», - деп түсіндірді Марат Ахметжанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Айта кетерлігі, бұл мемлекетте Қазақстанның тағы 26 азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, бірақ олар бойынша сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Дауыс беруден кейін шартты ратификациялау мақұлданды.

«Бұл келісім біздің азаматтар үшін маңызды. Конституцияға сәйкес, мемлекет шетелдегі азаматтарымыздың қорғалуына кепілдік береді. Біз шетелде сотталған азаматтарымызды қалдырмаймыз. Сотталған адамдар бізге мынадай жағдайларда беріледі: егер сотталған адамның жазасын өтеуінің бір жылы қалса және ол елге оралуға өз келісімін берсе. Бұл шарттар орындалмаса, елге қайтару жүзеге асырылмайды», - деді Бас Прокурордың орынбасары.

Бүгінгі таңда Қазақстан Қылмыстық сала мәселелері бойынша 70-тен астам елмен ынтымақтасады. 32 елмен 68 екіжақты шарт жасалды.

Серіктес жаңалықтары