Ол бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып отыр
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында бұрынғы Энергетика вице-министріне қатысты миллиондаған доллар жымқыру туралы қылмыстық іс қаралып жатыр. Прокурорлар Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаны 10 жылға, ал «Тұрғын үй құрылысын дамыту қорының» бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясының экс-директоры Ерлан Нәбиевті 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Үш сотталушының да кінәсі толық расталды. Анатолий Шкарупаны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша «сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті алдын ала сөз байласу арқылы иемденіп, жұмсау» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп табуды сұраймын. Мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкін тәркілемей, орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деген прокурор.
Сондай-ақ Қайсар Байдалы мен Ерлан Нәбиевті мүлкін тәркілеместен, орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Еске сала кетейік, аталмыш тұлғалар Сарань қаласында жылу есептегіштерін орнатуға арналған бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда.