$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2019, 03:28
Жаңалықтар

Еңбек министрлігі шетелдік жұмысшының квотасын екі есе азайтуды ұсынды

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында еңбек ету құқығы бойынша 50 мыңға дейін шетелдік жұмысшыға квота беруге болады.

Еңбек министрлігі шетелдік жұмысшының квотасын екі есе азайтуды ұсынды
Фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, қазір Қазақстан аумағында еңбек ету құқығы бойынша 50 мыңға дейін шетелдік жұмысшыға квота беруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Шетелдік үлесі бар компаниялармен жұмыс алдағы уақытта қалай жүргізіледі? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұстанымы мынадай: егер шетелден жұмыс күшін тартатын компания жүйелі түрде елдің заңнамасын бұза беретін болса, онда оған жаза қатая түседі. Қазір Парламент Мәжілісінде заң жобасы жатыр. Ол заң бойынша біз тұрмыстық тең жағдай жасау үшін жұмыс берушіге қосымша міндеттелер мен жауапкершілікті артқалы отырмыз. Бұрын заңда бұл мәселе қарастырылмаған», - деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, қазіргі заң бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы жыл сайын кәсіпорынды тексере алмайды. Бес жылда бір рет қана тексеруге құқығы бар.

«Сол себепті, шетелден жұмыс күшін тартатын компанияларды жыл сайын тексеру мүмкіндігін беруді сұрап отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан аумағында еңбек ету құқығы бойынша 50 мыңға дейін шетелдік жұмысшыға квота беруге болады.

«Біз қазір келесі жылға квотаны белгілеп жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы квотаны Үкіметке екі есе қысқартуды ұсынады. Сонымен қатар, төртінші санаттағы шетелдік мамандарды тарту ісіне талапты күшейтуді көздейміз. Яғни, бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға белгілі бір талаптар қойылады. Олар еңбек нарығын дұрыстап зерттеуі керек. Егер еңбек нарығында бұл санаттағы жұмысшылар болса, онда шетелдік компанияларға бұл рұқсатты бермеу керек. Сондай-ақ, белгілі бір шетелдік жұмысшының Қазақстан аумағында жұмыс істеу мерзімі өткеннен кейін шетелдік компания ол маманды қазақстандық маманға ауыстыруға міндеттелетін бұрынғы талапты қайтарғымыз келеді», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары