Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері коронавирустан қайтыс болды
Ол қауіпті індетпен 20 күнге жуық күрескен
Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітов коронавирустан қайтыс болды. Ол аудандық аурухананы 2005 жылдан бері басқарған. 62 жастағы дәрігер қауіпті індетпен өткен жылдың 30 желтоқсанынан бастап емделген. Алайда, арада 18 күн өткен соң Нұрлан Құлсейітов жан тапсырды.
«Нұрлан Құлсейітовтің қос өкпесі де қабынған, өкпесінің 90-95% күйген. Марқұм бүгін қайтыс болды, ақтық сапарға шығарып салдық. Бір ғана қызы бар екен, туыстары марқұмды өзінің тұрған ауылы Алматының жоғарғы жағындағы Қырғауыл елдімекеніне қоямыз деп алып кетті. Қателеспесем, бас дәрігер шамамен 9 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, әрең аман қалған. Енді бас дәрігердің міндетін уақытша Ербол Сәрсенбаев атқара тұрады», - деді Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахун.
Нұрлан Ғаббасұлы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы бастаған. Ол өзінің мансабын Алматы облыстық клиникалық ауруханасында хирург қызметінде бастап, өмірінің соңына дейін түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Жұмыс барысында ол өзін жауапты менеджер ретінде танытты. Ол мықты жұмыс тәжірибесі мен жоғары теориялық және практикалық білімге ие болды, деп хабарлады Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы