ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

«Сабақтан көп қалып қойды»: Ержан Максимнің анасы ұлының оқуы үшін алаңдайтынын айтты

Жас әнші қазір Мәскеуде білім алып жатыр

Фото: zakon.kz

Junior Eurovision байқауында екінші орын алған Ержан Максим келесі жылы Қазақстанда алғашқы концертін береді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Баласын түрлі халықаралық байқауларға апарып жүрген Гүлмира Әлібек соңғы кезде ұлының оқудан көп қалып қойғанын айтты. Польшадан оралған бетте Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген шығармашылық топ, шешуші сәтте дауыс беруге белсенділік танытпаған отандастарына ренжімейтінін жеткізді.

Байқаудың ақтық мәресінде Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнін орындап, төрешілер мен көрермендердің берген 227 балына ие болды.

«Екінші орын да жаман нәтиже емес. Өкінбедім. Біраз қиындықтар болды, бәрі артта қалды. Қазақстанның атын шығарғаныма қуаныштымын. Байқау аяқталғанда бәрі «Қазақстан» деп айғайлағаны есімде қалды. Төрешілер ұпайымды есептеп жатқанда ішімнен дұға оқып отырдым. Қыздардың қолын ұстап қатты қобалжыдым, тіпті жылауға дейін бардым», - дейді байқаудағы әсерімен бөліскен Ержан Максим.

Ал, Ержанның анасы Гүлмира Әлібек алдағы уақытта ұлының Польшаға барып концерт беретінін айтты. Сонымен қатар, келер жылы жаз айларының бірінде туған жері Орал қаласында да Ержанның шығармашылық кеші өтеді.

Жас талантқа сондай-ақ, Баку мен Лондон қалаларынан байқауға қатысу туралы ұсыныс түсіпті.

«Ержан төрешілер тарапынан ең жоғары балл алды. Көрермендер тарапынан жетпеді. Ержанда да, менде де ешқандай реніш болған жоқ. Халықты кінәлап жатқандар бар. Біз ешкімді кіналамаймыз. Әр байқаудың ережесі бар. Ол дұрыс немесе дұрыс емес деп айта алмаймыз. Ержан байқауға дайындалу барысында сабақтан көп қалды. Енді оқуға көбірек көңіл бөлсек пе деп отырмыз», - деді Гүлмира Әлібек.

6-сыныпта оқитын Ержан Максим отбасымен бірге Мәскеуде пәтер жалдап тұрады. Ол жалпы орта білім беретін мектептен бөлек Игорь Крутойдың академиясында ақылы түрде оқып жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы