Қытайлармен сот: Тұрымов пен Ниязовтың сөзі екі жерден шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс басшысы сотта жеңілген әкімдік қытай компаниясына 70 млн теңге төлегенін айтады

2018 жылы Ақтау әкімдігі қала көшелеріне светодиодтық шамдар орнату қажет деп шешеді. Тендерді  Қытай компаниясы ұтады. Бір айта кетері, былтыр тамыз айында портты қалада Путиннің қатысуымен Каспий маңы елдері саммиті өткен. Қытайлық шамдар осы дүбірлі жиынға дейін шаһарда жарқырап тұруы тиіс болса керек. Бірақ, шетелдік компания орнатып үлгермейді.  Құрметті қонақтар алдында барын көрсете алмағаны үшін, әкімдік  қырсықты ма,  заманауи шамдардан мүлдем  бас тартады. Мұнымен келіспеген қытай компаниясы әкімдікті сотқа береді. Олар келісім-шартта 12-тамыз туралы бір ауыз сөз жазылмаған деген уәжді алға тартқан. Ақыры, әкімдік сотта жеңіліп, «Guangdond Huaming Smartled Co LTD» компаниясына 343 млн теңге өтеп беруге міндеттеледі.

Бүгін Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Ақтау әкімдігі  Қытай компаниясына 70 млн теңге төлеп бергенін мәлімдеді.

«Біріншіден, тиісті қаражаттардың шешілмей қалуына байланысты, екіншіден жобаның өте қымбат болуына байланысты бұл мәселе күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Менің ақпаратым бойынша, 70 млн теңгедей қаражат төленген болуы керек. Ал қалған 148 млн теңге толығымен төленген жоқ. Бірақ біз лампаларды толығымен қабылдап алмадық»,- деді.

Алайда, брифингтен кейін біздің сауалымызға Ақтау қаласы әкімі Ғылымжан Ниязовтың баспасөз қызметі жазбаша жауап берді. Олар Қытай компаниясына бір тиын төлемегендерін мәлімдеді. 

«Бүгінігі күні Қытай компаниясына ешқандай қаржы төленген жоқ. Өйткені, екі жақты келісім- шарттың қаншалықты заң талаптарына сәйкестігі туралы мәселе  Маңғыстау облысының ішкі мемлекеттік аудит Департаментімен тексерілуде», - делінген хатта.

Айта кету керек, бастапқыда әкімдік 1 млрд 717 млн теңгеге 7239 дана светодиодтық лампаға тапсырыс берген. Кейін тараптар келісіп, тауар көлемі 2000 данаға азайтылды. Оның сомасы 343 млн теңге.