Әнші Жанар Хамитова өзіне қол салған – ҚР ІІМ
Таныстары оның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан болатын
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге әнші Жанар Хамитованың өзіне қол салғанын растады,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
16 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Жанар Хамитованың қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Таныстары оның жүрегі тоқтап қалғанын айтқанымен, желі қолданушылары әншінің суицид жасағанын жазып жатты.
«Қазір қылмыстық іс қозғадық. Мән-жай анықталып жатыр. Ол өзіне қол салған. Бірақ, бірқатар нюанстар бар, сондықтан, қылмыстық іс Қарағанды облысында қозғалды», - деді Тұрғымбаев.
Желіде марқұм асылып өлді деген ақпарат тараған болатын. Министр оны растаған да жоқ, жоққа да шығармады.
Айта кетейік, Superstar.kz жобасы арқылы танымал болған Жанар Хамитова кейін «Арнау» тобында ән айтты. Кейін сахнадан мүлде жоғалған ол тұрмыстық қиындықтар болғанын айтып, сұхбат берген еді. Журналистермен болған әңгімеде әнші бұрын тамырын кесіп, өзіне қол салмақ болғанын да жасырмаған.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан.