Қазақстандық балалар сыни ойлай алмайды - министр
Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның жаһандық даму рейтингісіндегі (Doing Business) орны туралы айтылды
Осы рейтингтегі білім көрсеткіші бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазақстандық оқушылардың сыни ойлау қабілеті ақсап тұр.
«Академиялық білім бойынша көрсеткіш жақсы. Бірақ біз үшін ең маңызды зерттеу, яғни, ең маңызды рейтинг PISA бойынша. PISA нәтижелері оқушылардың функционалдық сауаттылығының төмен екенін көрсетіп отыр. Талдау жасау, сыни тұрғыда дағдылары біздің балаларда жеткіліксіз. Басқаша айтқанда, қазақстандық оқушылар көп біледі, бірақ алған білімдерін тиісінше қолдана алмайды», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондықтан да, 2016 жылдан бастап мектептерде сыни ойлау және дағдыларды дамытуға бағытталған жаңартылған білім беру мазмұны енгізілген,- дейді ол. Асхат Аймағамбетов осы шаралар рейтингте көтерілуге септігін тигізеді деп сенеді.
Қазақстан осы рейтингте білім беру бағыты бойынша 5 зерттеуге қатысады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан