ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 999 адамнан коронавирус анықталды

Ринат Кертаев Ержан Максимге қолдау көрсетпеген жұлдыздарға ренішін білдірді

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев Junior Eurovision-2019 конкурсында екінші орын алған Ержан Максимнің жүлдесіне қатысты пікір білдірді

Фото: ашық дереккөзден

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев Фейсбуктегі парақшасында Junior Eurovision-2019 конкурсында екінші орын алған Ержан Максимнің жүлдесіне қатысты пікір білдіріп, Қазақстан атынан үкілеп қатыстырған жас өнерпаз әуезді әнімен бүкіл Еуропа, қала берді күллі ғаламның демін ішіне тартқызғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қатысушылардың ішіндегі жасы жағынан кіші болғанымен, таланты бойынша бәрінен оқ бойы озық, бабы келіскен өнерпаз екенін дәлелдеді. Әлемнің «сен тұр, мен атайын» деген қазылары Ержанның талантын мойындап, ең жоғарғы баға беруі оның өресі биік, өрісі кең дарабоз екенін айғақтаса керек-ті. Польшада жүріп, Ержанның толғанысқа толы тынысын сезінген жан ретінде айтарым, біздің Ержан елдің, түгел түркі әлемінің намысын ғана қорғаған жоқ, шын өнердің де шыңын көрсетті. Қазылар алқасының дауысы бойынша 1-ші орын алу, оның үстіне 2-ші келе жатқан елден 30-дай дауыспен алға шығуының өзі көңіл толтырар көрсеткіш. Кәсіби музыканттар мен сарапшылардың дауысы ең жоғары саналатынын бәріміз де білеміз», - деп жазды ол. 

Ринат Кертаев екінші орын алу да жетістік деп санайды. Бірақ, бас жүлдеге лайықты өнерпаздың тиісті бағасын ала алмағанына қынжылады.

«Қалай дегенмен бұл жеңіске бергісіз жеңіліс. Оны барлық елдің делегаттары мен әншілері құттықтап, «Сен жеңімпазсың» деп жатты. Бұл да бір бақыт түсіне білсек. Тағы бір «әттеген-айы», ол онлайн дауыс беруден сәл аз балл алып қалды. Оның тағдырын шешкен Қазақстандағы және әлемнің әр түкпіріндегі патша көңілді көрермен еді. Алайда теледидар алдында отырып, тілектес болу бір бөлек те, бір-екі кнопканы басып, дауыс беру бір басқа екенін осы жерде байқадық. Гливициде тұрып, тақым қысқанда байқағаным, бізге әлі де болса жанкүйерлік мәдениетті жетілдіру керек екен», - деп жазды Ринат Кертаев.

Оның айтуынша, халық қуанышты әлеуметтік желіде бөлісІп қана емес, онлайн дауыс беру арқылы шын әрекет етіп, ұйымшылдығын арттыруы керек.

«Тағы бір айтарым, сол ұйымшылдыққа қатысты. Елдегі көп өнер жұлдыздары Ержан Максимнің додаға түсер алдында қолдау жағынан бәсеңдік көрсетті. Әлеуметтік желілелерде миллиондаған оқырманы бар жұлдыздарымыз ізбасар інілерін ілуде біреуі болмаса, жалпы жарнамалап, елге «дауыс берейік» деп сауын айтпады. Бұл – өкпе емес, өзіміз ескеруге тиіс мәселе. Дегенмен, Ержан Максимнің дүбірлі додаға түсуіне тілек қосып, дауыс берген барша халыққа, оның елдегі және шет елдегі фанаттарына, ата-анасы мен осы жобаға қатысуына жұмыс істеген үлкен құрама командаға алғысымыз шексіз», - деді ол.