«Бек Эйр» ісі бойынша айыпталып жатқан шенеуніктерге қатысты сот талқылауы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы маңында ұшақ апаты болды

Фотоколлаж

Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала елдімекеніндегі жер телімдерін пайдалану кезінде қызметін асыра пайдаланды деп айыпталып жатқан бір топ шенеуніктің ісі сотқа түсті. Алматы әуежайының аумағына кіретін жер телімдерін заңсыз сатты деген айып бойынша сот талқылауы онлайн режимде өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Күдікті ретінде танылған азаматтарға қатысты тергеу бір жылға созылды. Өткен жылдың жазында Талғар аудандық соты Алматы облыстық прокуратурасына істі қайтарған болатын. Қылмыстық іс бойынша Bek Air ұшағы құлаған аумаққа қатысты қосымша сараптамалар жүргізілген. Бүгін бас сот талқылауы басталып, күдіктілерге қатысты айыптау қорытындысы оқылды.

Мемлекеттік айыптаушы 2013 жылы аудан атқамінерлері арадағы делдалдар көмегімен жер телімдерін бөліске салған. Гүлдала ауылдық округі аумағынан 1,34 гектар жер жол салуға және аумақты жасылдандыру бағытына бөлінген. Алайда жергілікті шенеуніктер қомақты жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстырып, жеке тұлғаларға сатқаны белгілі болды. Осы істің басы-қасында жүрген Нұрайым Алданыш есімді әйел тұтынушы тауып, жер телімдерін сатқан. 

Оқи отырыңыз: Талғар ауданындағы жерді заңсыз сатуға қатысты қылмыстық іс сотқа неге жетпеген?

Күдіктілерге қарсы Қылмыстық кодекстің 308-бабы 4-тармағы, 190-бабы 2-тармағы бойынша іс қозғалған. Олар алаяқтық жасады және қызметін асыра пайдаланып, мемлекет мүлкін талан-таражға салды деп айыпталып жатыр. Іс бойынша айыпталушылар кінәларын мойындап, процессуалдық келісімге қол қойған.

Қазір басты күдікті Нұрайым Алданыш қамауда отыр, ал Талғар ауданы әкімдігі жер бөлімінің бұрынғы басшысы Рустам Тұрысбеков, жер-кадастр бөлімінің бұрынғы басшысы Жарас Машимбаев және осы органның тағы бір өкілі Медеу Қалыбеков, жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы қызметкері Берік Абдуллаев, Талғар ауданы жер бөлімінің бұрынғы басшысы Қайрат Алтынбекұлы қолхатпен босатылған.

Айта кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Қайғылы жағдайдан 13 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қайтарылды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы