$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.11.2020, 18:04
Қоғам

Bek Air ісі: Талғар ауданындағы жерді заңсыз сатуға қатысты қылмыстық іс сотқа неге жетпеген?

Күдіктілер қатарында экс-шенеуніктер көп

Bek Air ісі: Талғар ауданындағы жерді заңсыз сатуға қатысты қылмыстық іс сотқа неге жетпеген?

Былтыр 27 желтоқсанда Алматы іргесінде болған әуе апатынан кейін әуежай маңындағы жерлердің заңсыз сатылып кеткені анықталған болатын. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де қылмыстық іс әлі тергеліп бітпеген. Яғни, кінәлілер әлі жазаланған жоқ.

Azattyq Rýhy тілшісі елді дүрліктірген қылмыстық іске қатысты мән-жайды анықтауға тырысып көрді. Айта кету керек, Bek Air әуе компаниясы Азаматтық авиация комитетінің шешімімен жұмысын толық тоқтатып, лицензиясынан айрылған болатын. Ал осы оқиғадан соң Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала елдімекеніндегі жер телімдеріне құжаттарды заңсыз рәсімдеген деректер бойынша екі қылмыстық іс ашылған-ды.

Жиырмаға жуық лауазымды қызметкерге ұйымдасқан қылмыстық топ құру, алаяқтық және өзгенің сеніп тапсырған мүлкіне қол сұғу, өз ісіне салғырт қарау сияқты айыптар тағылды. Бірден айта кету керек, Талғар ауданының шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс екі сот өндірісіне бөлінген.

Сот өндірісіне түскен екі қылмыстық істің алғашқысы бойынша 6 тұлға күдікті ретінде тіркелген. Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі біздің сауалымызға төмендегідей жауап қатты.

«Бірінші қылмыстық іс (сотқа 6 тұлға сотталушы ретінде берілген) Талғар аудандық сотында қаралу барысында сотталушылардың бірінің қорғаушысынан қылмыстық істі қайта тергеуге жолдау туралы өтінішхаты келіп түсіп, сот оны қанағаттандырды. Аталған сот қаулысына аудан прокуроры жеке шағым келтіріп, іс апелляциялық сатыға (Алматы облыстық сотына) жолданған. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылдың 6 қазанындағы қаулысымен шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, іс прокурорға қайта тергеуге жолданған», - делінген хабарламада.

Гүлдала елдімекеніндегі жер телімдерінің заңдылығына байланысты күдікке ілінген тағы 5 тұлғаға қатысты қылмыстық іс те қазір қайтадан Алматы облысының прокуратурасына жіберілген.

«Екінші қылмыстық іс (сотқа 5 тұлға сотталушы ретінде берілген) Талғар аудандық сотының 2020 жылдың 4 тамызындағы қаулысымен қайта тергеуге жолданып (алдын ала тергеу), сот актісіне шағым келтіріліп, іс апелляциялық сатыға (Алматы облыстық сотына) жолданған. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу барысында шығарылған қаулылар қайта тергеуге жатпайтындықтан, шағым қараусыз қалдырылып, іс прокурорға қайтарылды. Аталған қылмыстық іс Талғар аудандық сотына (2-ші рет) 2020 жылғы 4 қарашада қайта түсіп, 2020 жылғы 19 қарашадағы сот қаулысымен: істі келісімдік іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкіндігі болмағандықтан прокурорға қайтарылды», - делінген Алматы облысы сотының ресми жауабында.

Ұшақ апатынан кейін әшкере болған заңсыздықтар 11 айдан бері сот тергеуіне жетпей отыр.  Мәселенің құқықтық астарын зерттеп, заңсыздықтардың бетін ашу үшін республикалық комиссия құрылып, Нұр-Сұлтаннан арнайы прокурор да жіберілген еді.

Bek Air оқиғасынан соң айыпталып жатқан ауданның лауазымды тұлғаларының қатарында 2013-2015 жылдары Алматы облысы Талғар ауданында Жер қатынастары бөлімін басқарған Рустам Тұрысбеков, Қайрат Алтынбекұлы, жер кадастры департаментінің экс-басшылары Жарас Мәшімбаев пен Медеу Қалыбеков, Жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Берік Абуллаев бар. Олардан бөлек, ауылдық округтің жерін бөліске салуға атсалысқан күдікті де анықталған. Олардың бәріне аудан әкімінің жер бөлу қаулысын заңсыз дайындаған, жерге орналастыру жұмыстарын құқықтық нормаларға қайшы екенін біле тұра, қасақана орындаған деген айыптар тағылып отыр.

Ал екінші қылмыстық іс бойынша 2012-2019 жылдары аралығында жер телімдерін талан-таражға салып, жеке мүддесі үшін жұмыс істегендер айыпталып жатыр. Олардың негізгі фигуранттары сапында Талғар ауданы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы екі басшысы, аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы, ауылдық округ әкімдері мен делдал әйел бар. Шенеуніктерге жер сатуға көмектескен Нұрайым Алданыш есімді әйел қамауда отыр.

Бұл топтың құрамында Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов та бар. Ол биыл 17 наурызда ҚР ҚК-нің үш бірдей бабымен айыпты деп табылып, 7 жылға сотталған болатын. Экс-әкім адам атқаннан кейін билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру, қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайластарды тарту деген айыптармен сотталған еді. Ол енді Гүлдаладағы жер дауы бойынша да күдіктілер санатында. Бес адамнан тұратын бұл топқа «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды деген ауыр айып тағылған.

Күдіктілер Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылдық округінің әкімдігі, Талғар ауданының әкімдігі, жер қатынастары бөлімі, жер-кадастрі депараменті мен сәулет бөлімі ауылшаруашылық мақсаттағы (фермерлік, ұжымдық жерлер, дихандық жерлер - авт.) жер телімдерінің нысаналық мақсатын жеке қосалқы шаруашылық жүргізу немесе жеке тұрғын үй құрылысын салу (ЛПХ, ИЖС) үшін ауыстырған. Бұл «классикалық жүйе» арқылы егін шаруашылығына арналған немесе санитарлық аймақтар, әуежайға жақын жерлер, үй, ғимарат салуға рұқсат етілмейтін аумақтар елдімекен аумағына кіргізіліп, жекенің қолына өткен.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары