Жазушылар Одағындағы жөндеу жұмыстары аяқталды
Одақтың ғимаратына 65 жыл болған
Алматыдағы Жазушылар үйі қайта жаңарды. Ғимарат 1955 жылы салынған және ұзақ жыл жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сұрқы қашқан, алакөлеңкелі ғимаратты жаңартып туралы жазушылар былтыр қала әкімдігіне шағымданған еді.
«Бұл туралы жазушылар қауымдастығымен өткен жылы болған кездесуде айтылды. Сол жылы Жазушылар үйін ретке келтіру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде шатыры, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері ауыстырылып, ішкі әрлеу жаңартылды», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жөндеу жүргізілгенімен, классицизм стилінде бой көтерген ғимарат пен оның интерьерінің сәулеттік келбетін сақтап қалу қажеттігіне баса назар аударылған.
«Бұл әдебиет ғибадатханасында бір кездері еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов сынды ұлылардың атмосферасын сақтап қалу үшін қажет еді», - деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар ақын-жазушыларды қолдау үшін Жазушылар Одағының ұсынуымен авторлардың 30 кітабын шығаруға қаражат бөлінді. Кітап қаладағы және мектеп кітапханаларының қорын толықтырады. Мұндай қолдау келесі жылы да жалғасын таппақ.