Форель, сиг және басқа да қымбат балықтарды Қазақстанда өсіру үшін не істеу керек
Соңғы 10 жылда қымбат балық түрлеріне қажеттілік 2,5 млрд дананы құраған
«Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту» мәселесі бүгін Үкімет отырысында талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев форель, сиг сияқты қымбат балықтарды өсіру үшін 4 селекциялық генетикалық орталық құрылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Балық өсіру аймағы үшін 2 бірлік селекциялық генетикалық орталық 2022 жылы, тағы 2 бірлік орталық 2024 жылы құрылады.
«Сондай-ақ, 2022 жылы форель және сиг балықтары үшін 2 жаңа питомник салу көзделіп отыр. Бұдан басқа, 4 мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (ГЧП) тетігін енгізу жоспарлануда. Бұл модернизациялауға, қуаттылықты ұлғайтуға және балық өсіру материалдарының түрлерін диверсификациялауға бағытталған кешендерді дамыту мақсатында іске асады»,- деді министр.
Бүгінгі таңда елімізде 15 (4 мемлекеттік және 11 жеке) балық питомнигі бар. Олар карп тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12% және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66%-ға қамтамасыз етеді.
Айта кетерлігі, бұл мақсаттар жүзеге асса, аталған қымбат балық түрлері бойынша импортқа тәуелділік азаяды. Соңғы 10 жылда бұл балықтарға қажеттілік 2,5 млрд дананы құраған.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан