Геннадий Головкин жүз мыңдаған баланың өмірін құтқаруға бағытталған жобаны қолдады
«Өмір сыйлайық» жобасы Қазақстанда 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келеді
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жаңа туған балалардың өмірін құтқаруға бағытталған AYALA қайырымдылық қорының «Өмір сыйлайық» жобасын қолдады. Жобаның мақсаты – Қазақстанның балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтарына заманға сай реанимациялық жабдықтарды сатып алуға қаражат жинау.
«Биыл барлық елдер мен ұйымдардың күш-жігері коронавирус пандемиясына және оның салдарына қарсы күреске бағытталды. Қазақстанда 14 жыл бойы бала өлімі мен мүгедектігін азайту мақсатында жұмыс істеп келе жатқан қор ретінде біз мұны толық сезіндік. Коронавирустың таралуымен күресу қажет. Бірақ балалар күн сайын шұғыл реанимациялық көмекке мұқтаж. Сондықтан біз «Қамқорлық күші» әлеуметтік науқанын бастадық. Оның мақсаты – қазақстандықтардың ортақ күштерін Қазақстандағы балалар өмірін құтқаруға бағыттау. Егер аурухана реанимацияларында заманға сай құрал-жабдықтар – жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясына арналған инкубаторлар, СИПАП және ӨЖЖ аппараттары, неонаталдық мониторлар және басқа да ондаған медициналық аппараттар тұрса, оны жүзеге асыруға болады. Сондықтан біз «Өмір сыйлайық» жобасын қолдағаны үшін Геннадий Головкинге өте ризамыз. Бұл көптеген отандастарымызды осы жобаға қаражат жинауға қатысуға шабыттандырады деп үміттенеміз», - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
«Өмір сыйлайық» жобасы 2007 жылдан бері қор тарапынан жүзеге асырылып келеді. Ірі корпоративтік демеушілердің және елдегі қайырымды жандардың қолдауымен Қазақстанның 36 қаласының 67 балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарында заманауи реанимациялық жабдықтар орнатылды.
Ол қазірдің өзінде жүктіліктің ерте мерзімінде туған, сондай-ақ босануда әртүрлі асқынулармен және туа біткен денсаулық проблемаларымен туған 100 мыңнан астам нәрестенің өмірін құтқаруға көмектесті.