Көлік жүргізуші мас болған. Ол теміржол өткелінде жабық тұрған шлагбаум мен тоқтау туралы дыбысты елемей, жүріп келе жатқан жүк пойызының алдына шығып кеткен
Ақмола облысында теміржол өткелінде болған оқиғаға кінәлі көлік иесі 5 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, «Аudi 80» көлігінің жүргізушісі жеңіл деңгейде алкогольдік масаң күйде болған. Ол теміржол өткелінде жабық тұрған шлагбаум мен тоқтау туралы дыбысты елемей, жүріп келе жатқан жүк пойызының алдына шығып кеткен.
«Жеңіл көлік ішінде жүргізушіден бөлек, екі жолаушы болды. Қазіргі кезде, түрлі дене жарақатымен 67 жастағы әйел аурханаға жатқызылды. Сонымен қатар, көлік иесіне де залал келді. 35 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚбК 608-бабының 3-бөлігі (тұлғаның ЖКО жасауы, көлік құралын басқару кезінде алкогольдік масаң күйде болу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылатын болады. Бұл баптың санкциясы көлік басқару құқығын 5 жылға дейін айыруды қарастырады», - деп түсіндірді ведомстводан.
ТЖД баспасөз қызметі бұған дейін Ақмола облысының Шортанды ауданында теміржол өткелінде жеңіл көлік пен жүк пойызының локомотиві соқтығысқанын хабарлады.