Нұр-Сұлтанда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар мереке қарсаңында кафе, мейрамханалардың тәулік бойы жұмыс істеуіне рұқсат етілді

Фото: ашық дереккөзден

26 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтанда қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен кинотеатрлардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес жұмыс істеуіне рұқсат етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Орындар санын 30%-дан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді, акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.

Сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында 24 сағатқа дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралар сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек. Ал тұрғын үйлерде орналасқан объектілер сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді.