Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды
Көкшетауда үш айлық нәрестенің өліміне қатысты дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нәрестенің өлімі туралы ақпарат 18 қараша күні түскен.
«Бастапқы диагнозы: аспирациялық синдром. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 317- бабы 3-бөлігі (»Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы«) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды», - деп түсіндірді ведомстводан.
Айта кету керек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Ақмола облысында үш айлық шақалақ көз жұмғаны туралы хабарлады.
«1 және 2-айда баланың денсаулығына қатысты анасынан шағым болмаған. Медбике 6 қарашада оның үйіне барғанда да ештеңе айтпаған. Медбике баланы тексеріп, күтімі бойынша тиісті ұсыныстарын түсіндіріп кеткен. Ал 12 қараша күні үш айлық мерзімінде дәрігер қабылдауына келуі тиіс болған. Бірақ ол келмеген. Сондықтан медбике сол күні кешкісін олардың үйіне барған. Үй иелері даладан қарсы алып, қонаққа баруға әзірленіп жатқандарын айтқан», - деп мәлім етті ведомство өкілдері.
15 қарашада бала шұғыл түрде Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды.
«Бастапқы диагнозы: аспирациялық синдром. Өйткені бала ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Жансақтау бөлімінде шұғыл ем-дом шаралары жүргізілгеніне қарамастан, шақалақтың өмірін сақтап қалу мүмкін болған жоқ», - дейді дәрігерлер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, баланың неден шетінегенін сот-медициналық сараптама анықтайтын болады.