Оған себеп – коронавирустың жаңа штаммының анықталуы
Британия Корольдігімен тағы үш мемлекет әуе қатынасын тоқтатты. 31 желтоқсанға дейін Оңтүстік Корея мен Филиппин Біріккен Корольдіктен келетін өзге елдің азаматтарына ел аумағына кіруге тыйым салды. Бұдан басқа Жапония да ертеңнен бастап Ұлыбританиядан ұшып келетін әуе рейстерін қабылдамайды.
Мұндай шектеуге еуропалық елден табылған коронавирустың жаңа штаммы себеп. Ғалымдар жаңа штамм тез таралатындықтан, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
«Коронавирустың жаңа штаммы Жапонияда таралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Азаматтарымыз қауіпсіз сезінуі үшін шекарадағы бақылауды күшейттік және Ұлыбритания азаматтарының елге кіруіне уақытша шектеу қойдық,» - деді Жапония Министрлер кабинетінің бас хатшысы Кацунобу Като.