Илон Масктың Қазақстандағы жемқорлыққа қатысты мәлімдеме жасағаны рас па?
Илон Маск соңғы рет 2019 жылы Қазақстан туралы пікір білдірген
Қазнетте танымал америкалық кәсіпкер Илонға Маск айтты деген өнертапқыштың жария сөзі тарады. Өнертапқыш Қазақстанда өте күрделі жемқорлық схемасы барын, оларды ақыры түсіне алмағанын айтқан. StopFake порталы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Илон Масктың Қазақстанға қатысты мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.
«Желіде бизнесменнің Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық туралы бұрын-соңды жария сөйлегені туралы ешбір дерек жоқ. Керісінше, Илон Маск біздің елмен ынтымақтастық орнатуға дайын. Мысалы, 2017 жылы Алматыда Tesla автокөліктеріне арналған алғашқы электр станциясы (суперчарджер) ашылды. Кейін ол өрт салдарынан зардап шекті. Бірақ 2019 жылы Маск өзінің Twitter желісіндегі парақшасында қазақстандықтар үшін Tesla сервистік орталықтарына арналған жаңа станциялар мен жабдықтарды салуға ниетті екенін мәлімдеді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Маск 2019 жылдың наурызында Tesla Model Y таныстыру кезінде Қазақстан жайлы айтқан.
«Шын мәнінде, Қазақстан бізге үлкен қолдау көрсетеді. Біз Қазақстанда суперчарджерлер саламыз. Иә, иә, дұрыс естідіңіздер», – деді ол залдан «Қазақстан» деп айқайлаған дауысқа жауап қайырып.
Илон Масктың Twitter желісіндегі ресми аккаунтында біздің елге қатысты басқа ештеңе жазылмаған. Интернеттегі басқа да ашық дереккөздерде өнертапқыштың Қазақстан туралы айтқан жағымсыз пікірі жарияланбаған.