Елорда әкімі автобус паркінің басшысына қатаң сөгіс жариялады
Аязды күндері кәмелет жасқа толмаған баланы тастап кеткен қала маңына қатынайтын бағдардағы автобус жүргізушісі жұмысынан босатылды
Елорда әкімі автобус паркінің басшысына қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елорда әкімінің баспасөз хатшысының хабарлауынша, Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша №1 автобус паркінің басшысы Н.С. Пулатовқа қатаң сөгіс жарияланды.
«Аязды күндері кәмелетке толмаған баланы тастап кеткен қала маңына қатынайтын бағдардағы автобус жүргізушісі жұмыстан босатылды. Барлық автобус парктерінің жүргізушілеріне осындай жағдайлардың алдын алу тапсырылды, қоғамдық көліктердің жұмысын бақылау күшейтілді», деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кету керек, бұған дейін астана маңындағы «Лесная поляна» тұрғын алабында қоғамдық көлік жүргізушісі 17 жастағы мүгедек студентті аязды күні автобустан түсіріп кеткен еді.