Junior Eurovision: Қазақстандықтар Ержан Максимге дауыс беріп жатыр
Онлайн-дауыс беру 24 қараша сағат 21.00-де басталатын гала-концерт алдында уақытша жабылады. Одан кейін 15 минутқа қайта ашылып, тағы бір мәрте дауыс беру мүмкіндігі беріледі
Қазақстандықтар «Junior Eurovision-2019» байқауында еліміз атынан сынға түсіп жатқан жас дарын Ержан Максимге дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
19 елден қатысып жатқан үміткерлер үшін дауыс беру бүгін түнде, яғни қарашаның 22-сінен 23-іне қараған түнгі сағат 01.00-де басталды. Қазақстандықтар әлемнің қай түкпірінде жүрсе де өз отандасына дауыс бере алады. Ол үшін Junior Eurovision сайтына кіріп, тізімнен Ержанмен қатар тағы 2 қатысушыны таңдау қажет. Кейін «Дауысты қабылдау»/ «Дауыс беру» түймешегін басу керек.
Айта кетейік, онлайн-дауыс беру 24 қараша күні сағат 21.00-де басталатын гала-концерт алдында уақытша жабылады. Одан соң 15 минутқа қайта ашылып, тағы бір мәрте дауыс беру мүмкіндігі беріледі.
Ертең сағат 21.00-де басталатын финалдық кезеңді «Хабар» арнасы тікелей эфирден көрсетеді.
«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің сөзінше, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады.