Бұл медициналық қалдықтарды қайта өңдеудегі жауапкершілікті арттырады
Қазақстанда медициналық ұйымдардың өз қалдықтарын қайта өңдеу мәселесіндегі жауапкершілігі күшейтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Биыл медициналық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі өте өзекті болды. Жаңа Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес, бұл процессті негізінен Денсаулық сақтау министрлігі қарауы тиіс. Алайда егер медициналық ұйымдар өз қалдықтарын қайта өңдемесе, бұл үшін айыппұлдар 10 есе көбейтіледі – бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жазылады. Мұндай қалдықтарды кәдеге жарату процесі лицензияланатын болады және оған бақылау күшейтіледі», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар, Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу бойынша үлкен проблема бар. Жыл сайын елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың тек 15 %-ы ғана қайта өңделеді, ал 85 %-ы полигондарға шығарылады. Осы проблеманы шешу үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Ақтөбе және Атырауда алты пилоттық жобаны енгізу есебінен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді 30%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасайтын боламыз. Бұл үшін арнайы механизм құрылған: қоқыс жанып кетеді, ал пайда болған энергия елдің жалпы электр желісі арқылы сатылады. Баға аукцион арқылы анықталады», - деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар, ведомство қоқыс өңдейтін типтік зауыттар салып, оларға жеке инвесторларды тартуды жоспарлап отыр. Алайда олар тарифтердің төмен болуына байланысты Қазақстанға келмейді – халық үшін орташа тариф айына 250 теңгені құрайды, ал оларға 100-150 еуро қажет. Сондықтан бағаны көтермес үшін Экология министрлігі баламалы тетікті қолдануды жоспарлап отыр. Ол – инвесторларға 15 жыл бойы кепілдендірілген тарифтер бойынша электр энергиясын сату мүмкіндігін беру.