$ 533.87  621.64  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.12.2020, 16:47
Жаңалықтар

Алматы облысында 130 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Пәтерлер «7-20-25» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасымен берілді

Алматы облысында 130 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы Боралдай кентінде 130 пәтерлі  көпқабатты тұрғын үй «7-20-25» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көпбалалы аналарға, жас мамандарға, үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарына берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елді қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсірген емес. Міне, бүгін ұлы мереке қарсаңында «Азар» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі салған көпқабатты тұрғын үй кешенінің пәтерлері өз иелерін тапты», – деді аудан әкімі Бағдат Қарасаев.

Тәуелсіздік күні баспаналы болып жатқандар тәуелсіздікке тәу етіп, бұл ең біріншіден дербестіктің арқасы екенін атап өтті.

«Бұл – біз үшін зор қуаныш. Тұрмысқа шыққалы 13 жылдың жүзі болыпты. Басымызда бір пәтер болса екен деп армандаушы едік. Міне, бүгін сол арманымызға қол жеткіздік. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 15 жылға несиемен алдық. Үй кезегінде 7 жыл тұрдым. Осы күнге дейін пәтер жалдап жүргенбіз. Қуаныштымыз. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!», – деді.  жаңадан пәтер алып қуанышқа кенелген Фарида Есенгелдіқызы.

Айта кету керек, Алматыдай мегаполиске жақын орналасқан Іле ауданы Алматы облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Жыл сайын халқының саны да артып келе жатыр. Бүгінде халқының саны 215 мыңнан асып кеткен. Баспана кезегінде тұрғандар саны төрт мыңға жуық. Биыл елу мың шаршыдан асатын баспана халыққа берілді.

Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №19 орта мектептің жанына салынған 300 орындықты жапсаржай ашылды.  Білім ордасының жапсаржайы заманауи жабдықтармен қамтылған. Ағылшын, химия, физика және информатика кабинеттерімен қатар, ұлдар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттері, спорт зал мен асхана да салыныпты. Сонымен қатар, ұстаздарға арналған мәжіліс залы да бар. Бұл залда кез келген іс-шараларды өткізу үшін ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ауданда он тоғыз мектеп үш ауысымда оқып жатыр екен. Бірақ олардың саны қысқара бермек.

«Біздің ауданымызға жыл сайын үш жарым мың бала мектеп табалдырығын аттайды.Соңғы жылдары жаңа жиырма мектеп салынды. Үш жапсаржай салынды. Оның біреуі бүгін ашылып отыр.Тағы да жеті мектеп салынып жатыр. Оның төртеуі келесі жылы бірінші қыркүйекте ашылады. Тағы үшеуі 2021 жылдың желтоқсан айында ашылады деп жоспарлануда», – дейді Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат Кәткеева.   

Серіктес жаңалықтары