$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.12.2020, 17:11
Жаңалықтар

«Қазпошта» өрт шыққан вагондағы бүлдіршін мен газ баллоны қайдан пайда болғанын білмейді

Жолаушылар пойызындағы өрт шыққан вагон «Қазпошта» компаниясына тиесілі

«Қазпошта» өрт шыққан вагондағы бүлдіршін мен газ баллоны қайдан пайда болғанын білмейді
фото: ТЖМ баспасөз қызметі

14 желтоқсанда Маңғыстаудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызындағы багаж вагонынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт шыққан вагон «Қазпошта» компаниясына тиесілі болған.

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бүлдірдін – пошта қызметкерінің ұлы екен. Бұл туралы компания өкілі Sputnik Қазақстанға берген жауабында айтқан.

«Өрт пошта вагонынан шықты. Оқиға кезінде ішінде бес адам, соның ішінде бір бала болған. Ереже бойынша бүлдіршін ол жерде болмауы керек еді, баланың вагонда не істеп отырғаны анықталады. Қазір бесеуі де Бейнеу ауылының ауруханасында жатыр. Үш қызметкер жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Қалған екеуі жеңіл жарақат алған», - деді «Қазпошта» өкілі.

Пошта вагонына газ баллоны қайдан келгенін компаниядағылар да білмейді.

«Біз де бұл ақпаратты төтенше жағдай министрлігінен естідік. Қазір газ баллонына қатысты ештеңе айта алмаймыз, өйткені өрттің себебі туралы бізге ТЖМ мен облыстық ТЖ департаментінің қорытындысынан кейін ғана хабарлайды. «Қазпошта» тарапынан осы вагонды күзету бойынша барлық шара қабылданып жатыр. Вагон Бейнеуге жеткізіледі деп болжануда, ол жерде тергеу амалдары жүргізіледі», - деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

«Қазпошта» зардап шеккен қызметкерлерді басқа ауруханаға ауыстыруды жоспарлап отыр.

«Біз дәрігерлермен байланыстамыз, хабар күтіп отырмыз. Қазір ауыр жағдайда жатқандарды Ақтауға жеткізуге дайындалып жатырмыз. Компания науқастарды жеткізу бойынша барлық шараны қолға алады», - деді Мұхамадеев.

Қазіргі таңда вагонда 210-нан астам хат, сәлем-сауқат, пакеттер болғаны белгілі. Олардың тек 28-і ғана сақталған.

«Қалғандарының қаншалықты сақталғанын анықтап жатырмыз: қайсысы түгелдей жанып кетті, қайсысы сақталды. Осыдан кейін шығынды есептеуге кірісеміз», - деді ол.

Егер тексеріс өртке газ баллоны себеп болғанын растаса, онда компания қызметкерлерінің әрекетіне баға беріп, тиісті шаралар қабылдайды.

Серіктес жаңалықтары