Бұған дейін ауыл тұрғындарды ферманы жабуды талап еткен еді
Ақтөбе облысының Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына 7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұны аймақтағы экология департаменті растады, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Ферма қоршаған ортаға келтірген шығынын осылай өтеуі тиіс. Сондай-ақ кәсіпкерге заң бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Егер ол талаптарды орындамаса сот арқылы серіктестіктің жұмысын тоқтату мәселесі қаралмақ.
Оқи отырыңыз: «Ақтөбедегі шошқа фермасы жабылмауы мүмкін: халық тағы наразылық білдірді»
«7 млрд теңге шығын есептеліп отыр. Айыппұл бір ай ішінде заң бойынша бюджетке түсуі керек. Уақытында орындалмаған жағдайда әрі қарай сот арқылы өндіріп алу шараларын қарастырамыз», - деді Ақтөбе облыстық Экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында тұрғындар шошқа фермасын жабуды талап еткен еді.