Халықаралық форумға АҚШ, Германия, Түркия, Франция, ОАЭ, Катар, Үндістан сынды елдерден екі жүзге жуық қонақ шақырылған
Azattyq Rýhy тілшісінің сауалына жауап берген әкімдік өкілі Алматыда 27 қараша күні басталатын форумға 20 VIP қонақ келетінімен бөлісті. Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, шетелдік спикерлер бизнес санаттағы ұшақпен келеді. Форум сессияларында беделді саясаткерлер, белгілі экономистер мен қаржыгерлер, әлемдік стартап-жобалардың негізін қалаушылар сөз сөйлейді.
Аlmaty Investment Forum 2019-дың VIP спикерлері арасында: Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек, McKinsey жаһандық институтының басшысы Джонатан Вотцель, TiE Global қауымдастығының президенті Шарма Махавир Пратар, орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері бойынша Nokia вице-президенті Микко Лаванти, Катар Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Әл-Каварилар бар.
«Форумды өткізу конкурсына төрт компания қатысып, 80 миллионды біреуі ұтып алды. Тендер әу баста 119 миллион теңгеге жарияланған. Сіздер оған қайта-қайта көңіл аудара бермесеңіздерші. Бұл компаниялардың барлығы жылына бір рет жиналып, өздерінің кім қайда, қай бағытта жұмыс істеп жатқандарын біліп, айту үшін керек. Біздің келешекте, болашақта да инвесторлармен бірігіп өткізетін шара жоспарларымыз бар. Қонақтардың тек авиабилеттеріне төлейміз. Бір инвестор, «мен келетін болсам демеуші тауып, маған он бес миллиондай ақша төлеңдер» деді. Бірақ оның келетін келмейтіні әлі белгісіз. VIP спикерлердің қасында 5-10 шақты көмекшілері жүреді. Олардың ешқайсысына біз ақша төлемейміз», -деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Халықаралық форумды ұйымдастыруға қаражат қала бюджетінен бөлінген. Айта кетейік, 23 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумдарды өткізуді азайту керек деген болатын.
«Үкімет бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына қайта бейімдеуге тиіс. Басты халықаралық форумдар өткізілді. Олардың пайдасы зор болды. Әсіресе, ЭКСПО-ны ерекше атап өткен жөн. Бұл – жаһандық деңгейдегі іс-шара. Бірақ қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізілетін имидждік іс-шараларды күрт азайту керек»,- деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктегенін айтып, ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы