Қазақстанға Ресейден шошқа өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандардың айтуынша, африка обасы адамға жұқпайды, бірақ ауырған мал емделмейді

көрнекі фото: sakhalinmedia.ru

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің бірқатар өңірлерінен Қазақстан арқылы шошқа шаруашылығы және ілеспе өнімдерді алып келуге, сондай-ақ олардың транзитіне шектеулер енгізді.

Ресейде шошқаның африкалық обасының тіркелуіне байланысты ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2015 жылғы 29 қыркүйектен, 2017 жылғы 20 қарашадан, 2018 жылғы 22 маусымнан және 2019 жылғы 27 ақпаннан бастап Қазақстан арқылы тірі шошқаларды, қабан ұрығын (шәуетін), шошқа еті мен жабайы қабан етін, олардың генетикалық материалын, шошқа шаруашылығы өнімдерін (шошқаның африкалық обасы вирусының жойылуына кепілдік беретін, өнімнің қалыңдығында 72°С жоғары термиялық өңдеуден өтпеген) алып келуге және транзитіне уақытша шектеулер енгізді. Оның ішінде Волгоград, Калининград, Ленинград, Нижний Новгород, Орел, Самара, Тамбов, Тюмень және Челябі, Краснодар, Красноярск және Приморск облыстарынан термиялық өңдеуден өтпеген: жабайы қабан өнімдерін, былғары және ішек шикізатын, қылшықтарды, шошқаларға арналған жемді, сондай-ақ шошқаларды ұстау, сою және кесу үшін пайдаланылатын жабдықтарды Қазақстан шекарасынан өткізуге тыйым салынған.  

2020 жылғы 2 желтоқсанда Халықаралық эпизоотиялық бюроның ресми нотификациясының негізінде Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті РФ-ның Архангельск, Омбы, Орынбор және Курск облыстарынан да жоғарыда аталған өнімдерді алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеулер енгізді.

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті қабылдаған шаралар туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпараттық орталығын, РФ «Росельхознадзор» және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерін хабардар етті.

Қазақстан аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бірқатар іс-шаралар әзірлеп, ұйымдастырушылық, ветеринариялық-санитариялық және шаруашылық жұмыс жоспарын қолданысқа енгізді.

Атап айтқанда, осы жылдың 2 желтоқсанында шошқаның африкалық обасының алдын алу бойынша жедел кеңес өткізілді, онда аймақтық инспекцияларға, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Бұдан басқа, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен жабайы фаунаның эпизоотиялық мониторингі, сынамаларды іріктеу және зертханалық зерттеулер жүргізу туралы меморандум жасалды. Келісім негізінде «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК қызметкерлері ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында шошқаның африкалық обасына зерттеу жүргізу үшін жабайы қабандардан сынамалар алу мақсатында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына жіберілді.

Қазақстан Республикасының Ресеймен мемлекеттік шекарасының өткізу пункттерінде автокөлік құралдары мен жолаушылардың қол жүгін тексеруді ұйымдастыру үшін ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне, ҚР ИИДМ Көлік комитетіне, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне және ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хаттар жолдады.

Еліміздің аумағындағы эпизоотиялық жағдай ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қатаң бақылауында.

«Автокөліктерді өткізу бекетіндегі ветеринарлық-санитарлық пунктінде барлық тауарлар мен автокөліктер тексеріліп, қадағаланып отырады. Омбы облысында осы ауру пайда болған елдімекенде карантин 24-желтоқсанға дейін, ал бізде эпизоотиялық жағдайға байланысты шектеу және өнімдерді кіргізуге тыйым салу шаралары қашанға дейін созылатыны белгісіз», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы  Берік Әлжанов.

Мамандардың айтуынша, ауру адамға жұқпайды, бірақ ауырған мал емделмейді, тек жою керек. Оған қарсы вакцина да жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ресеймен шекаралас  Солтүстік Қазақстанда 235 мың шошқа тіркелген. Өткен демалыс күндері, көршілес Омбы обысында ауруға шалдыққан 374  талпақ танау жойылды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО